21 октября 2025 г. 16:16
Қазақстан мен Әзербайжан президенттері брифинг өткізді
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев екіжақты келіссөз және Қазақстан – Әзербайжан Жоғары мемлекетаралық кеңесі отырысының қорытындылары бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған брифинг өткізді.
Алматы, NEGE. Мемлекет басшысы ең алдымен, шақыруын қабыл алып, Астанаға мемлекеттік сапармен келгені үшін Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке шынайы ризашылығын білдірді.
– Мен бұл сапарға ерекше мән беріп отырмын. Бауырлас Әзербайжан халқының басшысын, аса көрнекті мемлекет қайраткері Президент Ильхам Әлиевті қазақ жерінде қарсы алу – біз үшін зор мәртебе. Екі елдің тамыры – бір, тарихы – ортақ. Әзербайжан – Қазақстанның маңызды әрі сенімді стратегиялық серіктесі. Бүгінде қарым-қатынасымыз тұрақты дамып келеді. Біз өзара байланысымызды күшейтуге айрықша көңіл бөлеміз. Басты мақсат – достығымызды нығайтып, түрлі саладағы ықпалдастыққа тың серпін беру. Бұл қос халықтың мүддесіне сай келеді. Осы сапар Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеруге ықпал етеді деп кәміл сенемін, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевтің мемлекеттік сапарын елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестікті және одақтастық қатынастарды нығайту жолындағы аса маңызды қадам деп санайды.
– Ильхам Гейдар оглу Әлиев – тарихи масштабтағы көрнекті мемлекет қайраткері. Ол Әзербайжанның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғауда және нығайтуда шешуші рөл атқарды. Президент Ильхам Әлиевтің ерен еңбегінің арқасында Әзербайжанның халықаралық аренадағы абыройы мен ықпалы еселеп өсті. Оның қуатты көшбасшылығымен Әзербайжан көптеген салада, ең алдымен, әлеуметтік-экономикалық дамуда керемет табыстарға жетті. Ауқымды реформалардың нәтижесі еліңіздің қарқынды өзгерісінен, экономиканың орнықты өсімінен, азаматтардың әл-ауқатының артуынан көрінеді. Әзербайжанның макроэкономикалық көрсеткіштері орнықтылығымен ерекшеленеді және ел өркендеуінің айқын дәлелі. Қазақстандықтар бауырлас Әзербайжанның жетістігіне шынайы қуанады, – деді Қазақстан Президенті.