Қазақстан мен Әмірліктердің инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды
2025 жылғы 25 шілде – Қазақстанның БАӘ-дегі Елшісі Рауан Жұмабек Әмірліктердің Энергетика және инфрақұрылым министрі, Қазақстан бойынша арнаулы өкіл Сухейл әл-Мазруимен кездесті.
Алматы, NEGE. Кездесуде қазақ дипломаты екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықтың жан-жақты дамып келе жатқанына назар аударды.
Министр Қазақстанмен бірлесіп жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаларға тоқталып, Абу Даби Тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед Әл Наһаянның биыл мамыр айындағы Астанаға ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы орындау маңыздылығын айтты.
Сухейл әл-Мазруи екі елдің қарым-қатынасын кеңейтуге мүдделілігін растады, соның ішінде жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға ерекше мән беретінін атап өтті.
Кездесу соңында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, биыл 24-25 қарашада Астанада жоспарланған Үкіметаралық комиссияның 10-шы отырысына дайындық жұмыстарын пысықтауға уағдаласты.