Қазақстан мектептерінде тұрақты дене шынықтыру жаттығулары енгізілді
Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептерде тұрақты дене шынықтыру жаттығулары өткізіле бастады. Жобаның мақсаты – балалардың денсаулығын нығайту, қимыл-қозғалыс тапшылығының алдын алу және салауатты өмір салтына бейім тұрақты әдет қалыптастыру.
Алғашқы күні бұл бастаманы қолдауға олимпиада чемпионы Ольга Шишигина, «Барыс» хоккей клубының ойыншылары, «Оқжетпес» футбол командасы, боксшы Мұхит Амантаев және басқа да танымал спортшылар қатысты.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әлемдегі балалар мен жасөспірімдердің 80 пайыздан астамы жеткілікті қимыл-қозғалыс жасамайды. Бұл олардың зейініне, үлгеріміне және жалпы денсаулығына кері әсер етеді.
«Мектеп тәжірибесіне тұрақты дене жаттығуын енгізу – оқушылардың дене және эмоциялық күйін жақсартуға, сондай-ақ білім беру жүйесінде салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді», – деді орталық директоры Арман Ташметов.
Жаттығу апта сайын үш минуттан өткізіледі. Оған барлық оқушылар мен ұстаздар қатысады, ал ұйымдастыруды дене тәрбиесі мұғалімдері пән ұстаздарымен бірлесіп жүргізеді. Үш жас ерекшелігіне (1-4, 5-8 және 9-11 сыныптар) арналған жаттығу топтамасы орталық мамандары тарапынан хореографтар мен жаттықтырушылардың қатысуымен дайындалған. Әуендік сүйемелдеу мен қимылдар барлық мектепте бірізді түрде қолданылады.
Жоба басталар алдында Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының мамандары дене шынықтыру мұғалімдері мен әдіскерлерге арнап оқыту семинарларын өткізді.
Бұл бастама Қазақстан Республикасының Білім мен ғылымды дамытудың ұлттық жоспары мен балалардың денсаулығын нығайтуға, бұқаралық спортты өркендетуге бағытталған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының міндеттеріне сай келеді.
Айта кетейік, 2018 жылы ДДСҰ 5-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге күніне кемінде 60 минут орташа немесе жоғары деңгейдегі қимыл-қозғалыс жасауды ұсынған. Қысқа сергіту жаттығулары мен мектептегі күнделікті дене сергіту тәжірибесі Еуропа мен Азияның бірқатар елінде енгізіліп, оқушылардың еңбекқорлығы мен үлгеріміне оң әсерін тигізіп отыр.