Қазақстан медицинасы бірыңғай цифрлық жүйеге көшеді
2029 жылға қарай Қазақстандағы медициналық ұйымдардың кемінде 95%-ын деректерді нақты уақыт режимінде алмасатын бірыңғай цифрлық ортаға біріктіру жоспарланып отыр.
Астана, NEGE. Alem.ai орталығында өткен Digital Qazaqstan стратегиясының таныстырылымында мамандар денсаулық сақтау саласында халық денсаулығын басқаруға арналған бірыңғай цифрлық платформа құру көзделгенін айтты. Жүйе аурудың алдын алуға және денсаулыққа төнетін қауіпті ерте анықтауға бағытталмақ.
Таныстырылымда Smart City/Smart Region үлгісі бойынша ел көлемінде бірыңғай цифрлық орта қалыптастыру жоспары да ұсынылды. 2029 жылға қарай қала тұрғындарының кемінде 70 пайызы ақылды қаланың негізгі жүйелері енгізілген өңірлерде тұрады деп жоспарланып отыр. Бұл оқиғаларға ден қою уақытын қысқартып, осы жүйе енгізілген аумақтардағы көше қылмысын кемінде 10 пайызға азайтуға мүмкіндік береді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Бақтияр Мұхаметқалиевтің айтуынша, жаңа үлгі мемлекеттік органдар мен ақпараттық жүйелердің өзара байланыссыз жұмыс істеуін жағдайларын азайтып, азаматтарға көрсетілетін қызметтерді бір жүйеге біріктіруге бағытталған.
«Қазір әр мемлекеттік орган мен оның ақпараттық жүйесі бөлек жұмыс істейді. Азамат та әрқайсысына жеке-жеке жүгінеді. Мысалы, денсаулық сақтау саласында бір ақпараттық жүйе қолданылады, ал баланы мектепке бергенде басқа жүйеге жүгінесіз. Олардың талаптары да әртүрлі», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, бұған дейін цифрландырудың әр кезеңінде көптеген дербес шешімдер мен ақпараттық жүйелер енгізілген. Енді олардың бәрін ортақ платформаға біріктіру көзделіп отыр.
«Біз бірыңғай платформалық шешімге көшіп жатырмыз. Көптеген ақпараттық жүйенің орнына оларды бір платформаға біріктіріп, азаматқа барынша ыңғайлы қызмет ұсынуды көздейміз», – деді Бақтияр Мұхаметқалиев.
Вице-министр азаматтың өтінішінсіз көрсетілетін қызметтерге мысал ретінде бала тууға байланысты рәсімдерді атады. Әйелдің жүкті екені туралы ақпарат медициналық жүйеге енгізілгеннен кейін әлеуметтік төлемдердің мөлшері автоматты түрде есептеледі.
Бала туған соң ата-анаға оның есімін енгізу жөнінде SMS-хабарлама келеді. Жауап берілгеннен кейін бірнеше күн ішінде туу туралы куәлік электронды түрде рәсімделеді. Азаматқа қызмет алу үшін бұдан бөлек әрекет етудің қажеті болмайды.
Мамандардың айтуынша, денсаулық сақтау саласында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні қолдану медициналық көмектің сапасын арттырып, қызмет көрсету уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Деректерді тиімді пайдалану дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, ауруды ерте анықтауға және қажетті көмекті жедел көрсетуге көмектеседі.
Мәселен, «Әлеуметтік әмиян» жүйесі тегін дәрі-дәрмектің тиісті адамға берілуін бақылауға мүмкіндік береді. Ал бірыңғай медициналық деректер қоймасы арқылы 20 миллионнан астам азамат электрондық денсаулық паспортына қол жеткізе алады.
Digital Qazaqstan стратегиясы аясында денсаулық сақтау саласын цифрландыру медициналық ұйымдарды бір жүйеге біріктірумен ғана шектелмейді. Негізгі мақсат – медициналық деректерді ортақ жүйеде пайдалану арқылы аурудың алдын алуды, диагностика мен емдеуді жеделдетіп, олардың тиімділігін арттыру.