Қазақстан Ливанға 11 бітімгер аттандырды

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 11 әскери қызметшісі Ливанның оңтүстік бөлігінде Үндістан әскери контингентінің құрамында қызмет ететін болады. Бітімгерлер Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері (UNIFIL) миссиясының құрамында аттанды.

Қорғаныс министрлігі

Астана, NEGE. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, аймақтағы жағдайды бақылау, гуманитарлық іс-шараларды үйлестіру, патрульдеу, БҰҰ нысандарын күзету сынды міндеттер атқарады.

«Барлық әскери қызметшілер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясына сәйкес халықаралық стандарттар бойынша жан-жақты дайындықтан өтті. Оның аясында халықаралық гуманитарлық құқық нормалары, күш қолдану ережелері, бейбіт тұрғындармен қарым-қатынас жасау ерекшеліктері зерделеніп, тілдік дайындық жүргізілді», – делінген ведомство хабарламасында.

Ливанға осымен ұлттық контингенттің 11-құрамы жіберіліп отыр. Бұған дейін де қазақстандық бітімгерлер UNIFIL миссиясындағы үнді контингентінің құрамында міндеттерін сәтті атқарған болатын.