Қазақстан құрамасы жеңілістен көз ашпаса да, ван ’т Схип өзін нашар бапкер санамайды

Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип команданың сәтсіз нәтижелеріне қатысты сынға жауап берді. 

ffa.am

Астана, NEGE. Баспасөз мәслихатында журналист Джон ван ’т Схипке Қазақстан құрамасы оның жетекшілігімен өткізген бес матчтың бірде-бірінде жеңіске жетпей, өз тобында соңғы орын алғанын еске салды. Сондай-ақ бапкердің бұған дейін Армения құрамасын жаттықтырған кезде де бірде-бір жеңіске қол жеткізе алмағанын айтып, мәселе оның өзінде емес пе деп сұрады.

Сөз алған нидерландтық маман бұрынғы жетістіктерін тізіп шықты.

«Аякста» жұмыс істегенде жақсы нәтижеге қол жеткіздім. Мен келгенде команда турнир кестесінің төменгі жағында тұрған, ал маусымды бесінші орынмен аяқтадық. Австралия мен Нидерландта да жақсы көрсеткіштерге қол жеткіздім. Грекияда да жұмысым оң бағаланды», – деді ван ’т Схип.

Дегенмен бапкер Қазақстан құрамасының қазіргі нәтижесіне өзі жауапты екенін мойындады.

«Ең алдымен, команданың нәтижесі мен ойын тактикасына мен жауаптымын. Әзірге жұмысымыз оңайға соғып жатқан жоқ. Бірақ футболшылар жақсы нәтиже көрсету үшін барын салып жүр. Біз де бапкерлер құрамымен бірге оларға қолымыздан келгенше көмектесіп жатырмыз», – деді ол.

Ал ұлттық құраманың қорғаушысы Еркін Тапалов сәтсіз нәтижелерді команда құрамының жаңаруымен және буын алмасуымен түсіндірді. Алайда журналистер оған ФИФА рейтингінде Қазақстаннан әлдеқайда төмен тұрған Молдовадан жеңілгендерін еске салды.

Тапалов жеңіліске жас футболшыларды кінәламайтынын бірден нақтылады. Оның пікірінше, басты мәселенің бірі – қазақстандық ойыншылардың Еуропа чемпионаттарында аз өнер көрсетуі. Ол ел чемпионатының деңгейі Еуропа біріншіліктерінен төмен екенін айтып, ұлттық құраманың нәтижесін жақсарту үшін шетелдің мықты лигаларында ойнайтын футболшылар көбірек болуы керек деп есептейді.