Қазақстан Қытайдан жанар-жағармайды баж салығынсыз импорттауы мүмкін

Қазақстан Қытайдан жанар-жағармай өнімдерін баж салығынсыз импорттау мүмкіндігін қарастырып жатыр. Бұл туралы сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова мәлімдеді.

ғаламтордан

Астана, NEGE. Оның айтуынша, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия аясында үшінші елдерден отын жеткізуді ынталандыру үшін импорттық кедендік баж салықтарын төмендету мәселесі талқылануда. Негізгі жеткізуші ретінде Қытай қарастырылып отыр.

«Біз үшін негізгі отын жеткізуші әрдайым Ресей болған. Алайда қазіргі жағдайды ескере отырып, үшінші елдерден, ең алдымен Қытайдан отын импортын ынталандыру үшін импорттық кедендік баж салықтарын төмендету туралы шешім қабылдап жатырмыз», – деді Кушукова.

Вице-министрдің сөзінше, әңгіме нақты импорт көлемі туралы емес, қажет болған жағдайда сырттан отын жеткізуге жағдай жасау туралы болып отыр. Қазақстанға тек ішкі нарықтың сұранысын жабуға қажет көлемде ғана отын әкелінеді.

Сондай-ақ импорттық кедендік баж мөлшерлемесі нөлге дейін төмендетіледі. Бұл Қазақстанға жанар-жағармайды баж салығынсыз әкелуге мүмкіндік береді.

«Ең алдымен Қытайдың жанар-жағармайы туралы айтып отырмыз. Қажетті көлемді қамтамасыз ете алатын ең жақын ел – Қытай», – деді ол.

Жеңілдетілген режим бензинге ғана емес, дизель және авиациялық отынға да қатысты болмақ. Кушукованың айтуынша, Қазақстан авиациялық отын бойынша ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр, сондықтан бұл өнімді үшінші елдерден импорттауға мәжбүр.

Сонымен қатар ел ішінде жанар-жағармай тапшылығын болдырмау үшін отын экспортын шектеу шаралары сақталады. Бұл шектеулер бірнеше жылдан бері қолданыста және әр алты ай сайын ұзартылып отырады. Вице-министрдің мәліметінше, баж салығынсыз импорттау режимін әзірге бір жыл мерзімге енгізу жоспарланып отыр.