Қазақстан – Қырғызстан шекарасында жүздеген жүк көліктері жиналып қалды
Жамбыл облысындағы «Қарасу» өткізу бекетінде Қырғызстан бағытына қарай 400-ге жуық жүк көлігі жиналған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.
Астана, NEGE. Комитеттің мәліметінше, көлік ағынының артуы уақытша құбылыс. Бұған халықаралық жүк тасымалының маусымдық көбеюі және Қырғызстан аумағында жүк көліктерінің қозғалысына енгізілген температуралық шектеулер әсер еткен.
Қазір өткізу бекетінің жұмысын күшейту және көлік ағынын реттеу шаралары қолға алынған. Жүк көліктерінің бір бөлігі жақын маңдағы өзге өткізу бекеттеріне бағытталып жатыр. Қазақстан тарапы Қырғызстанның құзырлы органдарымен де тұрақты байланыста.
Мемлекеттік кірістер комитеті тасымалдаушылардан жол бағытын жоспарлаған кезде шекарадағы қазіргі жағдайды ескеруді сұрады.