Қазақстан электрондық үкіметті дамыту бойынша әлемнің үздік 20 елінің қатарына енді
Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексінде (EGDI) әлем бойынша 16-орынға көтерілді. Осылайша, еліміз алғаш рет цифрлық үкіметі ең жоғары деңгейде дамыған мемлекеттер қатарына қосылды.
Астана, NEGE. БҰҰ-ның 2026 жылғы E-Government Survey есебіне сәйкес, Қазақстан 0,9363 балл жинаған. 2024 жылы еліміз бұл рейтингте 24-орында болған. Нәтижесінде екі жылда сегіз сатыға жоғарылаған.
Қазақстан Орталық Азиядан ең жоғары EGDI санатына енген алғашқы мемлекет атанып, Оңтүстік Корея, Дания, Сингапур, Сауд Арабиясы, Ұлыбритания, Финляндия, АҚШ сияқты елдермен бір топта тұр. Есепте еліміздің eGov.kz және eGov Mobile платформалары мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мен мемлекеттік органдар арасындағы ықпалдастықтың мысалы ретінде көрсетілген.
Қазақстанның онлайн қызметтер индексі – 0,9444, телекоммуникациялық инфрақұрылым индексі – 0,9720, ал адами капитал индексі 0,8924 баллды көрсетті.
Азия елдері арасында Қазақстан 16-орында. Ал Алматы қаласы жергілікті онлайн қызметтер индексі бойынша әлемде 12-орынға тұрақтады.
БҰҰ есебінде Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы бастамалары да аталған. Атап айтқанда, білім беру, ғылыми зерттеулер, стартаптар мен қолданбалы AI шешімдерін дамытуға бағытталған Alem.ai халықаралық орталығы туралы мәлімет берілген.