Қазақстан электрондық үкімет бойынша әлемнің үздік 25 еліне енді

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде әлем бойынша 24-орынға көтерілді. Сонымен қатар 2025 жылдың қорытындысында елдің IT-қызметтер экспорты алғаш рет 1,1 млрд долларға жеткен.

NEGE/ ЖИ иллюстрациясы

Астана, NEGE. Қазақстан Үкіметі жариялаған цифрландыру және жасанды интеллект саласындағы нәтижелерге сәйкес, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90,4%-ы электрондық форматта көрсетіледі, ал олардың 95,9%-ын смартфон арқылы алуға болады.

Елде қағаз құжаттардың толық баламасы саналатын 39 цифрлық құжат енгізілген. 2025 жылдың басынан бері азаматтарға 51,5 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 25,7 миллионы eGov.kz порталы арқылы рәсімделген. Сонымен қатар eGov Business сервисі 4,6 миллион сұранысты өңдеген.

Жасанды интеллектке негізделген eGov AI интеллектуалды кеңесшісі 2 миллионнан астам өтінішті өңдеп, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен байланыс орталықтарына түсетін жүктемені азайтқан. Тамыз айында eGov Mobile қосымшасы AI негізіндегі интеллектуалды іздеу жүйесімен жаңартылады.

Үкіметтің мәліметінше, Қазақстанның IT саласы да қарқынды дамып келеді. 2025 жылдың қорытындысында IT-қызметтер экспортының көлемі 1,1 млрд долларға жетіп, елде алғашқы технологиялық «юникорн» – Higgsfield.ai компаниясы пайда болды.

Қазіргі таңда Astana Hub экожүйесінде 2 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Соңғы бес жылда хаб резиденттерінің жиынтық табысы 4,9 млрд долларды, ал тартылған инвестиция көлемі 910 млн доллардан асты.

Үкімет 2030 жылға дейін IT-қызметтер экспортын 5 млрд долларға жеткізуді және жасанды интеллект саласында 10 мың маман даярлауды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Қазақстан БҰҰ рейтингіндегі көрсеткіштермен қатар халықаралық IT экожүйелерінің рейтингтерінде жоғары нәтиже көрсеткен. Dealroom бағалауы бойынша еліміздің IT экожүйесі әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан Rising Stars санатындағы үздік он экожүйенің қатарына кірді. Сонымен бірге OpenAI талдауында Қазақстан Орталық Азия елдері арасында жасанды интеллектіні енгізу деңгейі бойынша көш бастап тұр.