Қазақстан электронды үкімет рейтингінде 24-орынға көтерілді

Қазақстан БҰҰ-ның электронды үкіметті дамыту рейтингінде 193 елдің арасында 24-орынға тұрақтады. Бұған дейін Қазақстан 39-орында болған.

NEGE/ ЖИ иллюстрациясы

Астана, NEGE. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 2019–2026 жылдары Қазақстанда цифрлық трансформация қарқын алып, электронды мемлекеттік қызметтер мен цифрлық инфрақұрылымның негізгі көрсеткіштері өскен.

Атап айтқанда, цифрландырылған мемлекеттік қызметтердің үлесі 80%-дан 91%-ға дейін артқан. Қазіргі уақытта цифрлық мемлекеттік қызметтердің 96%-ы смартфон арқылы қолжетімді.

Цифрлық инфрақұрылым бойынша халықты интернетпен қамту деңгейі 84%-дан 98%-ға дейін өскен. Ал интернеттің орташа жылдамдығы 21 Мбит/с-тан 88–94 Мбит/с-қа дейін артты. Сонымен қатар Қазақстанда бесінші буын байланысы – 5G технологиясын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Цифрлық экономиканың дамуымен бірге IT-қызметтер экспорты да артқан. Соңғы жеті жылда IT-экспорт көлемі 38 есеге өсіп, 30 млн доллардан 1,142 млрд долларға жетті. Оның ішінде Astana Hub көрсеткіші 633 млн долларды құрады.

Ғарыштық технологиялар экспорты да нөлдік көрсеткіштен 70 млн долларға дейін өскен.

Министрлік қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемінің де айтарлықтай артқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш 2019 жылғы 13,3 трлн теңгеден 2026 жылы 186,3 трлн теңгеге дейін жетіп, 14 есеге өскен.