Қазақстан экономикасы тек мұнайға тәуелді емес: шетелдік сарапшылар инвестиция көлемі мен өнеркәсіптің өскенін атап өтті

Қазақстан халықаралық деңгейде шикізаттық экономика ретінде ғана емес, біртіндеп өсудің неғұрлым орнықты моделін қалыптастырып келе жатқан мемлекет ретінде қарастырыла бастады. Мұндай қорытынды Reuters сайтында жарияланған World Impact Media Organization аналитикалық есебінде келтірілген.

Коллаж postfactum.kz

Астана, NEGE. Авторлар Қазақстанның күрделі сыртқы жағдайларға қарамастан тұрақты даму динамикасын көрсетіп отырғанына назар аударады. Әлемдік экономика баяулап, нарықтар құбылмалы сипат алып, инвестиция үшін бәсекелестік күшейіп отырған кезеңде Қазақстан өсімді сақтап қана қоймай, оны өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салалары және капитал ағыны есебінен кеңейтуде.

Шетелдік шолудың негізгі түйіні – Қазақстан экономикасының бір ғана шикізат секторына тәуелділігі азайып келеді. Бұрын Қазақстан көбіне мұнай мен табиғи ресурстар арқылы бағаланса, бүгінде бұл көзқарас өзгеруде: инвестициялық жобалар, өңдеу өнеркәсібі, логистика, энергетикалық инфрақұрылым және заманауи сервистердің рөлі артып отыр.

Келтірілген деректер осы үрдісті растайды. 2025 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өсті, ал 2026 жылдың алғашқы бес айында тағы 3,7%-дық өсім тіркелді. Бұл ретте өсім бір ғана саланың есебінен қамтамасыз етілмеген. Құрылыс саласы 13,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі 9%-ға, көлік және қоймалау 8,4%-ға, сауда 5,6%-ға артты. Нақты сектор 4%-ға, қызмет көрсету саласы 3,6%-ға өсті.

Шетелдік сарапшылар инвестицияларға ерекше көңіл бөледі. 2025 жылы Қазақстанға тікелей шетелдік инвестиция көлемі $20,5 млрд-қа жетіп, бір жыл ішінде 14,4%-ға артқан. Сонымен қатар UNESCAP мәліметтері бойынша, Қазақстан $19 млрд көлемінде greenfield инвестициялар тартты, бұл – Орталық Азиядағы осындай инвестициялардың жалпы көлемінің шамамен 89%-ын құрайды. Шын мәнінде, ел өңірдің негізгі инвестициялық хабы ретіндегі өз позициясын нығайтып келеді.

Инвестициялар өсудің қосымша көзіне ғана емес, экономикалық трансформацияның негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. 2026 жылдың алғашқы бес айында капиталдық салымдар 7%-ға, ал жеке инвестициялар 17,4%-ға өсті. Ең қарқынды өсу энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар салаларында байқалып отыр.

World Impact Media Organization-ның бас редакторы Жасмин Абдул бұл ахуалды айқын өзгеріс деп атады: Қазақстан шикізат тауарлары есебінен ғана емес, инвестиция, өнеркәсіп және заманауи қызметтер есебінен де өсіп келеді. Мұндай баға әсіресе жаһандық баяулау жағдайында аса маңызды, өйткені көптеген елдер инфляцияның шарықтауы, пайыздық мөлшерлеменің өсуі және іскерлік белсенділіктің төмендеуі тенденциясына тап болып отыр.

Шолуда, сондай-ақ, инвестициялық ортаны түсінікті және болжамды ететін реформаларға назар аударылған. Олардың ішінде 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы, Инвестициялық штабтың жұмысы, ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қосу, сонымен бірге басым секторлардағы ірі жобаларға арналған инвестициялық келісімдердің тетіктері бар.

Мұндай құралдар инвесторлар үшін тәуекелдерді азайтуға, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жеңілдетуге және рәсімдердің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, сондай-ақ ағылшын құқығы қағидаттары бойынша жұмыс істейтін және дауларды тәуелсіз шешуді ұсынатын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктері қосымша рөл атқарады.

Шетелдік сарапшылар Қазақстанның негізгі серіктестерімен Инвестицияларды өзара қорғау туралы халықаралық келісімдер ауқымын кеңейте түскенін атап өтті. Олардың арасында Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы бар. Бизнес үшін бұл маңызды сигнал: мемлекет түсінікті ойын ережелерін бекітуге және сыртқы инвесторлардың сенімін нығайтуға ұмтылуда.

Нәтижесінде халықаралық шолулар Қазақстанды жаңартудың маңызды кезеңінен өтіп жатқан экономика ретінде көрсетіп отыр. Мұндағы әңгіме ендігі жерде шикізатты өндіру және экспорттау туралы ғана болмақ емес. Бірінші орынға инвестициялар, өндіріс, логистика, агроөнеркәсіп кешені, энергетика және заманауи қызметтер шықты. Дәл осы жайт әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өсімді анағұрлым теңдестірілген әрі тұрақты ете түседі.