Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басты – Тоқаев
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды 25 қазан – Республика күнімен құттықтады.
Астана, NEGE. Тоқаев бұл мерекенің мыңжылдық тарихы бар қазақ мемлекеттілігінің қайта жаңғыруын білдіретінін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Тәуелсіздіктің 35 жылдығына экономикасы қуатты, халықаралық беделі жоғары мемлекет ретінде жетіп отыр.
«Биыл біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып, тарихи өрлеу дәуіріне бетбұрыс жасадық», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның күшіне енуін тарихи оқиға деп атап, оның елдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге жол ашқанын айтты.
Сондай-ақ Президент Қазақстанда жасанды интеллект пен жаңа технологияларды дамыту, өндіріс орындарын ашу, мектептер мен ауруханалар салу жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.
«Осылайша, егемендігіміздің тұғырын күшейтіп, Әділетті, Қауіпсіз, Озық әрі Таза Қазақстанды құрып жатырмыз», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев құттықтауының соңында ел бірлігі мен тәуелсіздіктің маңызын атап өтіп, қазақстандықтарға ізгі тілегін білдірді.