Қазақстан бокс федерациясы Азиададағы Сабырхан мен Богданованың нәтижесіне наразылық білдірді
Қазақстан бокс федерациясы Жапониядағы Азия ойындарының жартылай финалы аясында өткен екі жекпе-жектің нәтижесіне келіспей, World Boxing ұйымына ресми наразылық жолдады.
Астана, NEGE. Федерацияның мәліметінше, наразылық 55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырханның филиппиндік Карло Пааламмен және 75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданованың үндістандық Ловлина Боргохайнмен жекпе-жегіне жолданды.
Айта кетейік, Махмұд Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің жартылай финалында филиппиндік Карло Пааламмен кездесті. Жекпе-жекте Филиппин өкілі 3:2 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде Махмұд Сабырхан Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Ал 75 келіге дейінгі салмақта Наталья Богданова финалға шығу үшін үндістандық Ловлина Боргохайнмен қолғап түйістірді. Жекпе-жекте үндістандық боксшы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Наталья Богданова жарысты қола медальмен аяқтады.