4 марта 2026 г. 15:11

Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне қаржы аударды ма?

Фото: Ақорда

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында Қазақстан Бейбітшілік кеңесіне мүше болу үшін қанша қаржы аударғаны туралы сұраққа жауап берді.

Астана, NEGE. Оның айтуынша, Қазақстан бастама аясында Газа секторына жан-жақты көмек көрсетеді және оның басым бөлігі гуманитарлық сипатта болады.

«Біріншіден, біз әлі ештеңе аударған жоқпыз. Біз дала госпитальдарымен қоса медицина қызметкерлерін жіберуге және студенттерге білім алу үшін гранттар ұсынуға дайынбыз. Азық-түлік түрінде гуманитарлық көмек көрсетуге немесе өнім жеткізуге дайынбыз. Яғни көмектің басым бөлігі осылай көрсетіледі. Ол да бағалануы мүмкін, түсінесіздер ме? Бұл жан-жақты көмек, оның басым бөлігі гуманитарлық сипатта болады» – деді Жұманғарин.

Бұған дейін Бейбітшілік кеңесі мүшелері Газа секторы тұрғындарына көмектесу үшін 7 млрд доллар бөлетіні туралы ақпарат тараған еді. Алайда Жұманғариннің сөзінше, бұл мәселе үкімет деңгейінде әлі талқыланбаған.