Қазақстан бензин мен дизель отынын шетелге шығаруға тағы алты айға тыйым салды
Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін ел аумағынан шығаруға салынған тыйымды тағы жарты жылға ұзартты.
Астана, NEGE. Министр Ерлан Ақкенженов тиісті бұйрыққа қол қойды.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылғы 22 қарашадан 2027 жылғы 22 мамырға дейін автомобиль көлігімен бензин, дизель отыны және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге тыйым салынады. Шектеу аталған өнімдерді ЕАЭО елдеріне тасымалдауға да қатысты болып отыр.
Сондай-ақ осы кезеңде теміржол арқылы мұнай өнімдерін, соның ішінде бензин мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін сыртқа шығаруға шектеу енгізіледі.
Бұдан бөлек, 2027 жылғы 1 қаңтар мен 30 маусым аралығында Қазақстан аумағынан ЕАЭО кедендік аумағынан тыс жерлерге жеңіл дистилляттарды, авиакеросинді, дизель отынын, газойльдерді, толуолды, ксилолдарды және мұнай битумын шығаруға тыйым салынады.
Айта кетейік, 2025 жылғы қарашада энергетика министрінің міндетін атқарушы бензин, дизель отыны мен мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін, соның ішінде ЕАЭО елдеріне шығаруға алты айға тыйым салған болатын. Содан бері бұл тыйым мерзімі бірнеше рет ұзартылып келеді.