Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» қарарын қабылдады. Осылайша 22 сәуір Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жарияланды.
Астана, NEGE. Халықаралық күнді белгілеу туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы пікірталастары барысында ұсынған болатын.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, қарарға әлемнің түрлі өңірлерінен 32 мемлекет тең автор болды. Бұл бастаманың халықаралық қоғамдастық үшін сұранысқа ие әрі өзекті екенін көрсетеді.
Қарардың қабылдануы Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге және қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл желектер аумағын кеңейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы халықаралық күш-жігерді біріктіруге қосып келе жатқан дәйекті үлесін көрсетеді.
Құжат әлемдік қоғамдастықтың көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды және басқа да мүдделі тараптарды тиісті іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандыруға бағытталған.
«Халықаралық күннің белгіленуі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, аумақтарды абаттандыруға және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі», – делінген СІМ хабарламасында.
Қарардың қабылдануы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір халықаралық бастамасының іс жүзінде жүзеге асырылуы болды. Сонымен бірге бұл Қазақстанның орнықты даму мен болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған көпжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тәсілдерінің сұранысқа ие екенін растайды.