10 декабря 2020 г. 10:22

"Қазақфильм" киностудиясы күрделі жөндеуден өтеді

Фото:

"Қазақфильм" киностудиясы алдағы үш жылда күрделі жөндеуден өтеді.

Алматы, NEGE. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыға жұмыс сапары аясында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровпен бірге «Қазақфильм» АҚ ғимаратында болып, шығармашылық зиялы қауыммен және Достық Үйінде этномәдени бірлестіктердің көшбасшыларымен кездесті.

Вице-премьер киностудияны жаңғыртудың жаңа бағдарламасымен танысты. «Қазақфильм» АҚ президенті Ақан Сатаев мемлекет бөлген қаражат аясында келесі жылы құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланғанын айтты. Үш жылдық кезеңде барлық нысандар жөнделеді, екі ангар салынады, инженерлік желілер жаңартылады.

«Осы жұмыстардың арқасында біз киностудияны жаңа халықаралық деңгейге шығарып, Азия аймағында көшбасшы орынға шыққымыз келеді. Біз алтын мұраны сақтай отырып, алға сапалы қадам жасағымыз келеді. Қала әкімдігі тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде», - деді Ақан Сатаев.

Ералы Тоғжанов актерлер Асанәлі Әшімов пен Меруерт Өтекешеваны, сондай-ақ дыбыс операторы Қадыр Қосайды отандық киноиндустрияда ерекше орын алатын және миллиондаған көрермен мойындаған «Қыз Жібек» пен «Атаманның ақыры» фильмдерінің 50 жылдығымен құттықтады. Кинематографистерге «Қазақфильм» киностудиясы және «Қазпошта» АҚ шығарған арнайы пошта маркалары табыс етілді.

Тегтер: