Қазақ үшін жүгірген жоқ: Бекболат Тілеухан Арон Атабек жөнінде айтты

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан 8 желтоқсанда Азаттық тілшісіне берген сұхбатында Шаңырақ оқиғасы және сол іс бойынша сотталған диссидент Арон Атабек жөнінде айтты, деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Алматы, NEGE. Депутат 15 жыл бұрынғы Шаңырақ оқиғасы кезінде үйлерін қорғауға тырысқан халықтың наразылығын күшпен басуды "заңды әрекет" деп сипаттауға тырысты. Оның сөзіне қарағанда, 2006 жылдары депутат болып тұрған тұста Арон Атабек Шаңырақ мәселесін көтеріп, депутаттың назарын үйлерін заңдастыра алмай жүрген азаматтардың мәселесіне аудартқан. Ол сол кезде "эмоцияға беріліп" мәселенің байыбына бармай "қызу кіріскенін", артынан "опық жегенін" айтты.

– Басында түсіндірген кезде ол кісі (Арон Атабек – ред.) керемет шешен болды. Елпілдеп кеттім. Шынымен қызу кірістім. Шаңырақтың мәселесін парламент қабырғасында кәдімгідей қозғадым. [Әріптестерім] "Бекболат, сен эмоцияға салынба, тұра тұр, бұл нәрсені тексеріп ал!" деді. Мен тексерместен кірістім. Сол кездегі ішкі істер министрі Бауыржан Мұхамеджановты парламентке шақырдым... Кейін [істің мән-жайын] маған түсіндірген кезде істеп жатқан нәрселердің барлығы қарап отырсақ, шынында да бәрі дәлелденген, айтып отырған айғақтардың барлығына көзімді жеткізді, – деді Бекболат Тілеухан.

– Ол орыс тілді кісі еді негізі. Оны қазақтың ақыны деп жүрсіздер. Кім қай тілде жазса, ол сол тілдің ақыны. Жоқ, ол қазақ үшін жүгірген жоқ, – деді Бекболат Тілеухан.

Ол сөз арасында сол кездегі Алматы әкімі Иманғали Тасмағамбетовпен де, өзге адамдармен кездесіп, "бүкіл нәрсенің бәріне көзін жеткізгенін" айтты.

Тілеуханның сөзіне қарағанда, ол Шаңырақ ісі бойынша сотқа шақырылмаған. "Шақырылғанда келер едім. Бірақ сотқа дейін қажетті ақпараттың бәріне қол жеткіздім" деді ол.