Қазақ тілін қырғыздар қадірлеп жатыр
Қырғызстанда ауылдық мектеп-лицейде қазақ тілінің орталығы ашылды, деп хабарлады Қырғыз телеграф агенттігі.
Алматы, NEGE. «Жагорку Кенішінің депутаты Гүлшат Асылбекованың бастамасымен және Қырғызстандағы Қазақстан Республикасының елшілігінің қолдауымен Шу облысы Соқұлық ауданында Ат-Башы мектеп-лицейінде қазақ тілінің орталығы ашылды. Тіл орталығында бауырлас халықтың оқулықтары мен көркем әдебиеті, қазақ ұлт аспаптары мен ұлттық киімдері, компьютерлер қойылған», – делінген хабарламада.
Қырғызстандағы Қазақстан елшісі Қайрат Нұрпейсов орталықты ашу сәтінде екі бауырлас халықтың ортақ тарихы мен мәдениетіне тоқталып, ары қарай да екі елдің ынтымақтастығы кеңейіп, тереңдей беретінін айтты.
Қырғызстандағы қазақ диаспорасының төрағасы депутат Гүлшат Асылбаева, өз сөзінде Қырғызстанда тұрып жатқан қазақтардың ұлттық мәдениетін сақтап қалуларына ықпал ететінін атап өтіп, қолдау көрсеткені үшін Қазақстан елшілігіне алғысын білдірді.