22 марта 2021 г. 18:09

Қазақ қызы халықаралық вокал байқауында жеңіске жетті

Фото:

«Корея – Орталық Азия» ынтымақтастық форумының хатшылығы ұйымдастырған «Наурыз дауысы» байқауына іріктеу қаңтар мен наурыз аралығында өткен.

Алматы, NEGE.  Алдымен үміткерлер жұмысын электрондық пошта арқылы жіберген. Мұқият сараптаудан өткен финалистер қазылар алқасының алдында өнерін Сеулдегі сахнада паш еткен.

Пэк Джи Ённың «Ұмытпа» әні қазақстандық Айдана Тоқмұрзановаға жеңіс әкелді.

Екатерина Ан, қазылар алқасының мүшесі:

Бізге оның тембрі, шеберлігі, корей тілінде ән айтылуы мен эмоционалды әсері ұнады. Айдана 1-орынға лайықты деп санаймын.

Айдана Алматыдағы университетті ағылшын тілінен аудармашы мамандығы бойынша тәмамдады. Ал Кореяға осыдан бір жыл бұрын жұбайымен келді. Өмірлік сыңары Пак Чон Бокпен 5 жыл бұрын Қазақстанда танысқан. Жолдасының көмегімен корей әнін акцентсіз орындап шықты.

Айдана Пак, Voice Of Nowruz байқауының жеңімпазы:

Бастауыш сыныптарда мерекелерде өлен айтатынмын. Кәрістер қай елденсің деп сұрайды. «Қазақстан» десем ешкім білмейді. Қырғызстан, Өзбекстанды бәрі біледі, бірақ Қазақстанды білмейді. Қазақстанды білулеріне кішкене болса да үлесімді қосқым келді.

Осылайша Айдана мен Чон Бок Қазақстан туралы корей және ағылшын тілдерінде блог жүргізуге шешім қабылдаған.

Тегтер: