13 января 2020 г. 13:37

Қазақ эстрадасындағы жұлдызды жұптар қалай табысқан?

Фото:

Қазақ эстрадасында теңін тауып қосылған жарасымды жұптар жетерлік. Олар тек өнерде ғана емес, өмірде де бірге. Жұлдызды жұптардың өзіндік махаббат тарихы бар. Олар жастық шақтарын еске алып, танысқан жерлеріне жиі барып тұрады екен. Кейбіреуі өздері оқыған мектепте балаларын да оқытқан. Өнер иелерінің шығармашылығынан бөлек, жеке өмірі жанкүйерлер назарынан тыс қалған емес. Ендеше, назарларыңызға шоу-бизнестегі танымал жұптардың тізімін ұсынамыз.

Нұртас пен Гүлзира.

Халықтың ыстық ықыласына бөленген әнші Қайрат Нұртастың ата-анасы. Ең танымал жұлдызды отбасының бірі. Жылдар жылжып өтсе де, хитменнің ата-анасы жастық дәуренін естен шығармайды. Нұртас пен Гүлзира арасындағы сезім оты Алматыдағы кинотеатарлардың бірінде тұтанған. Продюсер әлі де сол кинотеатрға барып, жастық шақтарын еске алып тұратындарын жасырмайды. Бүгінде өнегелі, үлгілі отбасы, бақытты жанұя атанған Айдарбековтердің Қайраттан бөлек, Аян, Заңғар есімді ұлдары бар. Құтты келін түсіріп, 5 немере сүйіп отырған Нұртас мырза мен Гүлзира ханым енді кенже ұлын үйлендіруге дайын. Айдарбековтар отбасына баянды бақыт тілейміз!

Тоқтар мен Бейбіт.

Тоқтар мен Бейбіт - қазақ эстрадасындағы ең лирикалық жұп. Жұлдызды жұпты табыстырған да таныстырған да киелі сахна. Өнерсүйер қауым қос әншінің шығармашылығын  жоғары бағалайды. Айта кетейік, Тоқтар Бейбітті «Нұр-Мұқасан» тобының концертінде көріп, оның даусына тәнті болған. Бастапқыда екеуі тек дос ретінде араласқан. Себебі ағалап жүрген қызға Тоқтар Серіковтің  сезім білдіруі қиынға соққан екен. 6-7 жыл бойы аға-қарындас болып жүріп, бір-біріне ілтипат танытқан. 2007 жылы шаңырақ көтерген жұлдызды жұптың ат ұстар 3 ұлы бар.

Жазира мен Жанболат.

Екі әнші шаңырақ көтергелі бері 20 жылдай уақыт өтті. Олар Алматыдағы эстрада және цирк колледжінде бірге оқыған. Алғашында Жазира жатақханадағы көңілді көршісін тек дос ретінде қабылдаған. Кейін өзінің де оған ғашық екенін түсініпті. Жұлдызды жұп  үшін Алматыдағы неке сарайының орны ерекше. Өйткені отағасы сүйіктісіне дәл осы жерде сезімін білдірген. Оқуды бітірген соң шаңырақ көтерген екі жас әрі қарай бірге ән айтуды қолға алады. Жазира мен Жанболаттың Қазыбек атты ұлы бар.  «Неке сарайына жақын жерден пәтер сатып алып тұрдық. Дәл сол жердегі №12 мектепте баламыз оқыды. Біз танысқан жерімізден әлі айналсоқтап шыға алмай жүрміз», – дейді Жазира.

Мирас пен Құралай.

«Асыл жарым» деп ән шырқайтын Мирас пен Құралайды да өнер табыстырған. Олар консерваторияда білім алып жүрген кездерінде танысқан. Құралай - шығыстың қызы, Мирас - батыстың жігіті. Жас әнші ару ол кезде неке қию сарайында ән айтып, жұмыс істеп жүрген. Басшылар Құралайға оның даусын сүйемелдейтін ер адам болғаны дұрыс деген екен. Ұзақ ізденістен кейін, басшылық тарапы Мирасқа әнші қызбен бірге дуэт айтуға ұсыныс жасаған.  «Біраз солай жұмыс істеп жүріп, екеуміз табысып кеттік», - дейді Мирас. Өнегелі отбасы бүгінде көпбалалы ата-ана атанып отыр.

Қыдырәлі мен Қарақат.

Олар ең алғаш 1996 жылы танысқан. Бұл кезде Қарақат консерваторияның студенті болса, Қыдырәлі «АБК» тобының әншісі ретінде елге танылып жүрген. Олар екі жарым жыл өнерде әріптес ретінде араласып тұрады. Қыдырәлі өзінің концерттік сапарларына болашақ жарын домбырашы ретінде ертіп жүрген. Үш жарым жылдан кейін Қыдырәлі Болманов Қарақатқа Әбілдинаға ұсыныс жасап, отбасын құрды.

Қуаныш пен Қарлығаш.

Бұл дуэт «Сыңарым» деп ән шырқап, халықтың қошеметіне бөленді. Оларды таныстырған - киелі сахна. Өнер иелері бірге ән шырқап, көрермендердің көзайымына айналды. Көп балалы жанұя атанған жұлдызды жұптың отбасылық өмірі жастарға үлгі.

Бүркіт пен Аиша.

Екеуінің арасындағы махаббат Алматыдағы мейрамханалардың бірінде басталған. Олар Бүркіттің туған күнінде танысыпты. Туған күн иесін құттықтап келген би тобындағы қыз  әншінің жүрегіне шоқ салған екен. Өзінің фильміне актриса іздеймін деп сылтауратқан өнер иесі  Аишаның телефон нөмірін сұрап алған. Ол арманындағы аруға үйлену үшін екі жыл жүгіріп, отбасын құру туралы үш мәрте ұсыныс жасаған екен. Бүгінде жұлдызды жұп өздері танысқан жерге жиі ат басын бұрып тұрады. «Ол жерде біз біраз нәрсе өткіздік. Өзіміздің бейнебаяндарымыздың да тұсаукесерін жасадық. Туған күндерімізді атап өттік», – дейді Бүркіт. Қазіргі таңда бұл жұптың екі ұлы мен бір қызы бар.

Арман мен Аша.

Өнер айдынында қос аққудай бірге жүзіп, өздерінен кейінгі жастарға үлгі бола білген Арман мен Аша қазақ эстрадасындағы ең әдемі жұлдызды жұптың бірі. Олар 2015 жылы шаңырақ көтерген. Өнер иелері алғаш рет телеарнада танысқан. Жұлдызды жұп жеке өмірлерін біраз уақыт жасырын ұстаған. Арман Ашаға кинотеатр залында күтпеген жерден ұсыныс жасап,  3-4 минуттық ролик арқылы сезімін білдірген. Артынша гүл шоқтары мен сақинасын алып, кинотеатрға кіріп келген. Арман ең алғаш Ашаны кездестірген кезде сұлулығынан бөлек, қылығы мен қарапайдылығын ұнатқан екен. Уақыт өте келе мінезі мен тәрбиесіне ғашық болған. Бүгінде өнерлі жұптың Асылым атты қыздары бар. Көрермендердің көзайымына айналған жұлдызды жұптың айтуынша, бақыттың кілті - өз қолыңда, ал оның тетігі - үлгілі отбасыда.

Қайрат пен Жұлдыз.

10 жылға жуық отбасын жасырып келген Қайрат Нұртас жарымен 2004 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінде танысқан. Қайрат - вокал, Жұлдыз - актерлік шеберлік бөлімінде білім алған. Бір-бірін сырттай біліп жүргенімен, жақын араласпаған. Жұлдыз жазбаларының бірінде Қайратпен қалай танысқанын жазған. «Қазан айының шуақты күнінде, асxанада, түскі асқа келгенде Қайратты жоғарғы курстың бірі қасыққа жұмсағанын құлағым шалып қалды. Атып тұрдым да, Қайраттан бұрын қасық тұрған ыдысқа жетіп барып, қайта бұрылып: «Өзім апарып беремін» дедім де, жымиып кете бардым.  Құдды үнді киносындағыдай болды. Алғашқы кездесуімізде ол сол кезде мені үнді актирсаларының біріне ұқсатқанын жасырмады. Таныстығымыз осылай басталып еді», - деп жазды Жұлдыз. Жұрт қызыға қарайтын ең әдемі жұптың Нарұл, Хан есімді ұлдары мен Сезім, Алау атты қыздары бар.

Өнерде де өмірде де қол ұстасып бірге жүрген жарасымды жұптарға отбасы беріктігін тілейміз!

Тегтер: