12 февраля 2020 г. 19:26

«Қара жорға» – коронавирусқа қарсы дәру

Фото:

Қытайдың ақпарат құралдары Ухань ауруханаларында дәрігерлердің науқастардың көңіл-күйін көтеріп билеп жатқаны туралы бейнежазба таратты. Бейнежазбаның бірінен бір дәрігердің «Қара жорға» биіне билеп жатқанын байқауға болады.

 

Алматы, NEGE.  Бейнежазба Ухань қаласында шұғыл пайда болған «Фан Цан»  ауруханасында түсіріліпті. Біраз уақыт бұрын ғана бұл аурухананың орнында Ухань қаласының халықаралық көрме орталығы болған екен. Кейінірек бейнежазбадағы дәрігердің Шыңжаң өлкесінен келген қазақ маман - Бахаргүл Толқын есімді келіншек екені белгілі болды. Онымен тілдескен жергілікті sohu.com сайты тілшілерінің жазуынша, Бахаргүл Толқын Шыңжаң аймағынан келген құтқару тобы бастығының орынбасары қызметін атқарады екен. 

35 жастағы Бахаргүл Толқын сегіз жылдан астам уақыт хирург болып істейтін көрінеді. Қытай билігі әр өңірдегі ең білікті дәрігерлерді Ухань қаласына жинаған кезде, Шыңжаңдағы мықты мамандардан жасақталған топқа басшылық етіп барғандардың бірі. Бахаргүлдің өзі бала күнінен бимен шұғылданғанын және бидің көмегімен дертінен қажыған науқастарға психикалық тұрғыда көмек беруге ұмтылғанын айтыпты.  

Бахаргүл Толқынмен  әзірге тілдесе алмадық  Қытай Уханьдағы коронавирус індетіне қатысты барлық ақпаратты бақылауда ұстайды. Сол себепті дәрігерлермен хабарласу өте қиынға соғады дейді білетіндер. Бұған дейін ресми Бейжің АҚШ-тың ең үздік вирусологтарын көмекке жіберу туралы ұсынысына да жауап қайтармады. Қытай ақпарат құралдарының жазуынша, Бахаргүл Толқын бастаған дәрігерлер қазақ биімен бірге өзге де аз ұлттардың билерін билеп, науқастардың көңіл-күйін көтерген. 

Тегтер: