«Қазақ еліне +1 миллиардер»: Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды
Higgsfield компаниясының тең құрылтайшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматының төлқұжатын алды.
Астана, NEGE. Техномиллионердің Қазақстан азаматтығын алғанын премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев хабарлады.
«Биылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойды. Осы маңызды оқиғамен құттықтаймын! Біз болашақ технологияларын жасайтын мамандардың өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктерді елімізден тапқанын қалаймыз», – деп жазды министр Facebook желісіндегі парақшасында.
Мәдиев Алекс Машрабовтың жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін, оның ішінде Higgsfield компанияның әлемдік нарықта сұранысқа ие, 40 миллионнан астам пайдаланушы қолданатын экспорттық өнім әзірлегенін айтып, компания жетістігі Қазақстан жастарына үлгі болатынын жеткізді.
Сондай-ақ Мәдиев Машрабовқа Қазақстанға сенім білдіріп, ел азаматы болуды таңдағанына алғыс білдіріп, таланттарды бірлесе қолдап, жаңа өнімдер жасауға және еліміздің технологиялық әлеуетін бірлесе нығайтуға шақырды.
Айта кетейік, Алекс Машрабов – АҚШ-тың технологиялық индустриясында танылған кәсіпкер, жасанды интеллект саласындағы бірнеше табысты жобаның негізін қалаушысы. Ол алғаш рет AI Factory стартапын құрып, оны Snapchat әлеуметтік желісінің иесі Snap компаниясына 166 млн долларға сатқан. Машрабовтың айтуынша, осы мәміледен ондаған миллион доллар табыс тапқан. Алайда нақты сомасы жарияланбады.
2023 жылы қазақстандық Ерзат Дулатпен бірге Higgsfield компаниясын құрды. Қазір компанияның нарықтық бағасы 5,4 млрд долларға бағаланып отыр. Жобада Машрабов халықаралық нарыққа шығу, өнімді дамыту және инвестиция тарту бағыттарына жауап береді. Ал Ерзат Дулат компанияның техникалық директоры ретінде жасанды интеллект құралдарын әзірлеумен айналысады.