Қазақ дәрігері Қытайдың ең жоғары партиялық орденімен марапатталды

Қытайдағы қазақ дәрігері Оқас Сүлеймен елдің ең жоғары партиялық марапаты – «1 шілде» орденімен марапатталды. Ол – бұл марапатқа ие болған алғашқы қазақ.

CCTV

Астана, NEGE. Оқас Сүлеймен ұзақ жылдар бойы Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек ауданында ауыл дәрігері болып еңбек еткен. Ол шалғайдағы малшыларға медициналық көмек көрсетіп, атпен жүріп қызмет атқарғаны үшін халық арасында «ат үстіндегі дәрігер» деген атқа ие болған.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары Оқас Сүлейменді «шекарадағы халықтың денсаулығын ақ халатпен қорғаған жан» деп сипаттады. 

«40 жылдан астам уақыт бойы ол ат үстінде дәрі қобдишасын алып жүріп, қақаған аяз бен аптап ыстыққа қарамастан жайылымдар мен киіз үйлерді аралап, дәрігерге тән мейірімділігі мен Коммунистік партия мүшесінің бастапқы мұраты мен миссиясына адалдығын қажырлы еңбегімен дәлелдеп келеді», – делінген ресми таныстыру мәтінінде.

Ресми мәліметке сәйкес, Оқас Сүлеймен еңбек жолында 100 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсетіп, 3 200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне жәрдемдескен. Ол ондаған жыл бойы шалғайдағы елді мекендерге атпен қатынап, тұрғындардың денсаулығын қорғауға үлес қосқан. Оқас Сүлейменнің есімі бұған дейін де Қытайда ауыл медицинасын дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше мәрте мемлекеттік деңгейде жоғары бағаланған болатын. 

«1 шілде» ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты. Ол партияға, мемлекетке және қоғамға ерекше еңбек сіңірген, жоғары адамгершілік қасиетімен танылған азаматтарға табысталады.

Биыл Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуына орай өткен марапаттау рәсімі Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайында ұйымдастырылды. Орденді лауреаттарға Қытай Коммунистік партиясының Бас хатшысы Си Цзиньпиннің өзі табыстады.

Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің шешімімен биылғы марапатқа кандидаттарды елдің провинциялық партия комитеттері, автономиялық аудандар мен орталыққа бағынатын қалалардың партия ұйымдары, орталық мемлекеттік органдар және Орталық әскери кеңестің Саяси жұмыс басқармасы ұсынған. Бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу мен талқылаудан кейін арнайы комиссия «1 шілде» орденіне сегіз адамды лайық деп таныды. Солардың қатарында қазақ дәрігері Оқас Сүлеймен де бар.