8 марта 2026 г. 12:09

Қазақ балуаны Әділет Алмат Австрияда чемпион атанды

Фото: International Judo Federation/ijf.org

Қазақстандық балуан финалда әзірбайжандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, ел қоржынына алтын медаль салды.

Астана, NEGE. Әділет Алмат Австрияның Линц қаласында өтіп жатқан халықаралық Гран-при турнирінде 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын абыроймен қорғап шықты.

Турнирдің финалдық айқасында қазақстандық балуан әзірбайжандық спортшы Вусал Галандарзадемен татамиде жолықты.

Әділет Алмат шешуші сәтте белдесуді өз бақылауында ұстап, қарсыласынан айқын басым түсті. Осылайша қазақстандық балуан Еуропа төрінде топ жарып, Қазақстан құрамасына Гран-при турниріндегі алғашқы алтын медальді сыйлады.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Шерзод Давлатов 60 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алған болатын. Енді Қазақстан қоржынында Гран-при турнирінен 1 алтын және 1 қола медаль бар.