Қазақ айтысының көрнекті өкілі Надежда Лушникова өмірден өтті

Қазақ айтыс өнерінің көрнекті өкілі, ақын-айтыскер Надежда Лушникова 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. 

Қазақстан Жазушылар Одағы

Астана, NEGE. Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағы хабарлады. 

«Қазақстан Жазушылар Одағының басқармасы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, қалың оқырман қауымға қайғырып көңіл айтады», – деді одақтың баспасөз қызметі.

Надежда Лушникова туралы не белгілі?

Надежда Лушникова 1940 жылы 22 қарашада Алматы облысы Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келген. Қазақы ортада тәрбиеленіп, қазақ тілінде білім алған.

1961 жылы Қызылордадағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищені, ал 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін бітірді.

Ақынның алғашқы өлеңдері 1958 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланды. Кейін «Елім менің» (1962) және «Көңіл хошы» (1970) атты жыр жинақтары жарық көрді. Екінші жинағы үшін Қазақстан комсомолы сыйлығына ие болған.

Айтыстағы жеңістері мен еңбек жолы

Надежда Лушникова 1963 жылы Қызылордада өткен облыстық айтысқа қатысып, жүлдегер атанған. Оның шымкенттік ақын Қалдыбек Әлікұловпен айтысы «Айтыс» фильміне түсірілген. Ақын аудандық және облыстық айтыстарда талай рет топ жарды.

Ақын 1963–1985 жылдары газетте әдеби қызметкер, баспада редактор және мектепте мұғалім болып еңбек етті. 1985 жылдан бастап Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үмбетәлі Қарибаев музейінің директоры қызметін атқарған.