Қаза тапқан полицейлердің әйелдеріне төлемді қайта есептейді: ІІМ қателігін мойындады
Ішкі істер министрлігі қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына төленетін ақшаны есептеу кезінде заң нормалары қате қолданылғанын анықтады.
Астана, NEGE. Бұған дейін Threads желісінде Динара Аман есімді қолданушы қызметін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің жесірлеріне берілетін төлемдер туралы жазған. Оның айтуынша, 2026 жылғы ақпаннан бастап марқұм полицейлердің отбасыларына төленетін қаржы көлемі ақшалай қамтылымның өсуіне байланысты артқан. Алайда маусым айында полиция департаменті есептеуде қателік кеткенін айтып, төлем мөлшерін азайтқан. Сондай-ақ бұған дейін төленген ақшаны қайтаруды талап еткен.
Жазба авторының мәліметінше, кейбір отбасыларға айына 98 теңге және 1 880 теңге көлемінде төлем тағайындалған.
ІІМ бұл жағдайға қатысты түсініктеме беріп, Алматы қаласының Полиция департаменті заңнаманың жекелеген нормаларын қате қолданғанын растады.
«Өтінішті қарау барысында Алматы қаласының Полиция департаменті заңнаманың жекелеген нормаларын қате қолдану салдарынан ақшалай төлемдерді дұрыс есептемегені анықталды», – деп хабарлады министрлік.
Төлем қалай есептеледі?
Министрлік қолданыстағы ережелерге өзгерістер әзірлегенін хабарлады. Жаңа тәртіп бойынша төлем мөлшері қаза тапқан қызметкердің лауазымына белгіленген қазіргі ақшалай қамтылымға қарай есептелмек. Егер бұл сома өссе, марқұм полицейлердің отбасыларына берілетін төлем де қайта есептеледі.
Министрліктің мәліметінше, құжат қоғамдық талқылаудан және тиісті сараптамалардан өткен. Қазір оны басқа мемлекеттік органдармен келісу жұмыстары жүріп жатыр.
Сонымен қатар жаңа ережелер күшіне енгенше қаза тапқан полицейлердің отбасыларынан бұрын төленген ақшаны қайтаруды талап ету тоқтатылды.
«ІІМ аталған мәселе түпкілікті реттелгенге дейін аумақтық полиция департаменттеріне бұрын артық төленген қаражатты қайтару бойынша шаралар қабылдамауды тапсырды», – деді ведомство.
Қазіргі ереже бойынша, қызмет бабында қаза тапқан полицейдің әрбір отбасы мүшесіне, егер төлем алуға құқығы болса, ай сайын марқұмның соңғы қызметіне белгіленген жалақысының 40 пайызы төленеді. Бірақ отбасы мүшелеріне берілетін ақшаның жалпы мөлшері осы сомадан аспауы тиіс. Егер төлем алуға құқығы бар үш немесе одан көп адам болса, ақша олардың арасында тең бөлінеді.