«Қайраттың» 14 футболшысы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері атанды
«Қайраттың» өткен жылы Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен 14 футболшысына «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» құрметті атағы берілді.
Астана, NEGE. Клуб өкілдерінің хабарлауынша, марапаттау рәсімі Т. Сегізбаев атындағы академияда өтті. Футболшыларға құрметті атақты клубтың бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев, бас директоры Аскар Есімов, сондай-ақ Қазақстан футболының ардагерлері Құралбек Ордабаев пен Ваит Талгаев табыстады.
Марапатқа Темірлан Анарбеков, Дамир Қасабулат, Әділет Садыбеков, Еркін Тапалов, Александр Мрынский, Александр Широбоков, Лев Кургин, Олжас Байбек, Азамат Туякбаев, Шерхан Қалмұрза, Мансур Биркурманов, Мұхамедәли Әбіш және Рамазан Бағдат ие болды. Қазір Англияда жүрген Дастан Сатпаевқа да осы атақ берілді.