5 июня 2025 г. 9:14

«Қайрат Нұртаспен дос та, жау да емеспін» – Сырым Исабаев

Фото: С.Исабаевтың жеке мұрағатынан

Қоңыр үнімен танылған Сырым Исабаевтың тыңдарман назарынан тыс қалғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Оның көрінбей кеткенін әркім сан-саққа жориды: бірі үлкен сахнаға шығарған Гүлзира Айдарбековамен арада келіспеушілік орнады десе, енді біреулер Қайрат екеуінің арасынан қара мысық жүріп өткенін алға тартады. Тілшіміз өнер иесін іздеп тауып, көптің көкейіндегі сұрақтарды қойды.

– Сырым, сені ән әлемінен жоғалтып алған тыңдарман «сахнаға шығып қалар ма» деп елеңдейтін сияқты ғой? 

Мен он жылдан бері құрылыс саласында жеке кәсіппен айналысып келе жатырмын. Ал ән әлеміне қайта оралу үшін менімен жұмыс істейтін арнайы команда қажет. Десе де, өткенде онсыз бір-екі қадам жасап көрдім, бірақ мықты продюсерсіз қиын екен. Оның үстіне әркімнің алдына барып жарапазан айтқан сияқты өнерден ақша тапқым келмейді. Қазіргі таңда кәсібімді дамыту үстіндемін. Егер он жыл осындай қарқынмен жұмыс істесем, тойға барып. нәпақа іздеудің қажеті болмай қалады. Десе де ешкіме тіл тигізгім келмейді, бұл менің жеке көзқарасым. Себебі, әркімнің әр салада өзіндік несібесі бар.

– Демек, Гүлзирадан кейін жөні түзу продюсер таппаған соң өнерден қол үздің бе?

– Гүлзирамен бірге біраз деңгейге жеттім, көмегі үшін ол кісіге рақмет. Белгілі бір себептермен бөліндік. Одан кейін де жеке біраз жұмыс істедім, бірақ продюсерсіз өрістеуің қиын екен. Себебі, әр концерт, жиын-тойға қатысу үшін өзің сөйлесу адамның қадір-қасиетін де кетіретін тәрізді. Біреудің алдына барып. ақша туралы әңгіме айту менің табиғатыма жат екен. Десе де өзге салаға кеткеніме еш өкінбеймін.

– Ғаламторда сізді «сахнадан Қайрат Нұртастың анасы құртты» деп айыптайтындарды жиі жүздестіреміз. Шынымен ол кісінің қандайда бір кеселі тиді ме?

– Мен ол кісіні айыптамаймын. Жалпы өзім көзбен көріп, қолмен ұстап алмағаннан кейін дәлелсіз сөйлеу дұрыс емес деп ойлаймын. Адамдар «анау сүйтті, мынау бүйтті» деп әйтеуір біреуден көруге құмар ғой. Шынтуайтында олай емес. Сол сияқты «Қайрат әнді былай айтады, Сырым солай айтады» деп айыптап жататындар да бар. Әркім өзінің дауысына, шама-шарқынша қарай орындайды. Сондықтан анау анадан мықты деп салыстыра сын айту дұрыс емес.

instagram.com/syrym__isabaev

– Десе де арадағы достық қатынастарыңа сызат түспеген болар? 

Шынын айтайыншы, дос та емеспіз, жау да емеспіз.

– Дегенмен, тиктокқа түрлі тректер орындап салып жүргенің шоу-бизнеске қайта оралудағы қадам сияқты көрінеді ғой

– Иә, соңғы жарты жылда жанкүйеулерімнің қолқалауымен бес-алты өлең жаздым. Осы ретте мені іздеп, өтініш жасаған тыңдармандарыма алғысым шексіз. Мәселен, Шымкентте кезінде менің өнеріме тілекші болған жігіттер бар. «Ән жаз, мынау атағаным» деп қолыңа қаражат қыстатқан соң оны қалай қалтаңа салып аласың, тілегін орындауға тура келеді. Сол сияқты әлеуметтік желіде де күніне «мынаны айтшы» деген түрлі ұсыныспен әндер легі келеді. Арасында ұнағанын айтып тұрамын.

– Сахнадан алыстап кетсең де ондағы жаңашылдықты екшелеп отыратын боларсың? Кімдердің өнері елең еткізіп жүр?

– Өз басым жанды дауыста ән айтқандарды сыйлаймын. Айта алмаса да айтуға тырысатындарды құрметтеймін. Қазіргі жастар 2Rar мен Садраддинді неге төбесіне көтереді. Себебі, олар тысырысып бағуда. Шынын айту керек, Kalifarniya болсын бәрі басында «қатырмайтын». Бұл жамандағаным емес. Бірақ уақыт өте келе олар жанды дауыста әжептәуір ән шырқап, қолтаңбасын қалыптастыруға тырысып жүр. Бұл әрине еңбектің арқасы.

– Өзіңдей жастардың «Халық әртісі» атағын алып жатқанын естігенде, делебең қозып кететін немесе өкінетін кез бола ма?

– Мен ешкімнің несібесіне қызықпаймын. Бірақ бір нәрсені білем, егер өлеңді оңды-солды талғамай айта берсең, ол харам саналады. Кез-келген нәрсенің оңы мен солы болады ғой. Мысалы, алған телефоныңызды жақсы бағытта пайдалансаңыз жөн, ал ойын ойнап, ғаламтордан жаман нәрсені көретін болсаңыз ол – харам. Ән де сол сияқты, егер ана, әке, достық, татулық туралы халыққа жақсы насихат беретін дүние айтсаң құба-құп. Сол сияқты махабатты шынайы түрде жеткізіп, әрі әр адам жасына лайықты ән айтқаны дұрыс. Маған салса өз басым «Сенің көзің әдемі» дегенді де дұрыс деп есептемеймін. Себебі Алла тағаланың алдында бәріміз бірдей жаратылыс иесіміз. Дегенмен, кезінде менде де ондай қателер кетті.

С.Исабаевтың жеке мұрағатынан

– Кезінде Абдусамат Базыханов деген танысың сенің ән мен кино әлеміне қайта оралатыныңды айтып еді. Әнші атаулының бәрі кино түсіріп кеткен соң тартынып  қалдың ба?

– Менің артымнан әркім әр қандай әңгіме айта беретін болды ғой, Базыхановпен араласпағалы қай заман.

– Әйтсе де жаппай режиссер немесе актер болып кеткен әріптестеріңе қандай баға бересің?

– Мен киноға әуесқойлықпен келгендер арасында Нұрлан Қоянбаевты ғана мойындаймын. Қай киносын қарасаң да қазақты қолдайтын, сүйетін астар бар. Қалғанына топырақ шашпаймын. Шама-шарқы келгенше күлдіріп, жылатып жатады. Негізі кино таспалаушылар қатары артса, бәсеке орнығып, даму болады ғой. Тек бейәдеп сөз айтып, тәрбиеге кесе-көлденең келетін әрекет жасамаса. Ол үшін айтып өткенімдей, Мәдениет басқармасы тарапынан қадаға қатаң болуы керек.

– Кәсіби әншілер мен әуесқой әншілер арасындағы тартыс тарқамайтын сияқты ма, қалай?

– Заман өзгеріп жатыр ғой. Компьютермен дауысты туралап сахнаға шығу қиын болмай қалғанықтан, болашақта жасанды интелектінің көмегімен әнші болып шығатындар көбейе түсе ме демін. Нәтижесінде Рамазан Стамғазиев, Еркін Нұржанов сияқты әншілердің туындысын жоғалтып алмасақ деп алаңдаймын. Егер ондай орындаудан айырылысақ, қазақилықты жоғалтамыз. Сол себепті Қазақстан бойынша Мәдениет басқармасы тыңғылықты жұмыс жасаса деймін. Әр шыққан ән сүзгіден өтсе, өтпей қалғаны бұғаттауға түссе. Яғни, талапқа сай келмейтін туынды таралымға түспеу керек. Ұрланған әндерден бастап, шырқалған туындыларың сазы мен сөзі де қатаң сынға түссе. Қазір әркім қалағанын істеп жатыр. Бұл ұрпақ санасына үлкен кеселін тигізеді.

– Қазір үйлі-баранды боларсыз

Шүкір, үш қыз, бір ұлым бар.