21 февраля 2026 г. 0:48

Қайрат Нұртас Денис Теннің анасына құрмет көрсетіп, гүл сыйлады

Фото: @kair_n/Instagram

Эстрада жұлдызы Қайрат Нұртас Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, марқұм Денис Теннің анасы Оксана Тенге құрмет көрсетті.

Астана, NEGE. Әнші спортшының анасына гүл сыйлап, алғыс білдірді.

«Михаил Шайдоров Олимпиадада алтын алып, баршамызды қуантты. Біз қазір Денис Теннің анасына арнайы келдік. Кешегі жеңістердің барлығы Денистен бастау алған ғой. Осындай ұлды дүниеге әкелгеніңіз үшін сізге рақмет. Сізге ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіз – бүкіл қазақ елінің анасысыз», – деді Қайрат Нұртас.

Денис Теннің анасы қазір жас буын спортшыларды жаттықтырып жүр екен.

«Денис сені әрдайым құрметтейтін. Ол үнемі: “Қайрат – өзін өзі жасаған адам” деп айтып жүретін. Ол сені өнер иесі ретінде бағалап, жақсы көретін», – деді өз кезегінде Оксана Тен.

Ол Қайрат Нұртасқа алғысын білдіріп, болашақта бірлесіп жұмыс істеуді ұсынды. Ал әнші қолынан келгенше көмек көрсетуге дайын екенін, бұл үшін ешқандай ақша сұрамайтынын айтты.