31 декабря 2025 г. 8:58

«Қайрат» қақпашысына клубтардың бірінің назары ауды

Фото: instagram.com/kallmurza

Алматылық «Қайраттың» қақпашысы, 18 жастағы Шерхан Қалмырзаға «Тараз» футбол клубы ұсыныс жасамақ.

Астана, NEGE. «Тараздың» директоры Дидар Сыдықбек «Қайратқа» Қазақстан U-19 құрамасының қақпашысы Шерхан Қалмырзаны ауыстыру жөнінде ұсыныс әзірлеп жатқанын мәлімдеді.

«Менің ұстанымым "Тараз" футбол клубы таза өз түлектерімен ойнайтын испаниялық "Атлетик Бильбао" сияқты болуы қажет.

Шерхан Қалмырзаға қызығушылық танытып жатырмыз. Ертең ұсыныс жолдап, диалог құра бастаймыз», – деп жазды ол Telegram-дағы арнасында.

Дидар Сыдықбек жас футболшының Жамбыл облысы тумасы екенін еске салып өткен.

18 жастағы Шерхан Қалмырза «Қайраттың» Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде «Спортингке» (1:4) және «Реалға» (0:5) қарсы өткен матчтарынан кейін Қазақстандағы ең танымал футболшылардың біріне айналды. Негізгі қақпашылар жарақат алған соң, ол алматылық клубтың қақпасын қорғауға мәжбүр болды.

Сондай-ақ биыл ол Қазақстанның жастар құрамасы сапында Еуро U-19 іріктеу кезеңінде үш матч өткізді.