Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған мұнай компаниясы «ҚазМұнайГазға» өтті

Бұрын бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған Phystech II мұнай компаниясы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының меншігіне өтті.

NEGE

Астана, NEGE. Бұл туралы Қаржылық есептілік депозитарийінде жарияланған мәліметтен белгілі болды. Ондағы ақпаратқа сәйкес, «ҚазМұнайГаз» бұл активті 2026 жылғы 29 мамырда иеленген.

Phystech II Маңғыстау облысындағы Солтүстік Қаражанбас кен орнында мұнай өндіру құқығына ие.

Еске салсақ, 2023 жылдың қазан айында компания 35 млрд теңгеге мемлекет меншігіне өткен еді. Бұдан кейін Phystech II «Самұрық-Қазына» қорының басқаруында болды және оны жеке меншікке беру жоспарланған. 

2023 жылдың қыркүйек айында Астананың қылмыстық істер жөніндегі соты Қайрат Боранбаевты алты жылға бас бостандығынан айырған еді. Ал 2023 жылдың қарашасында ол бостандыққа шықты. Себебі жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, көгілдір отын импорты кезінде қаражат жымқыру ісі аясында Қайрат Боранбаев 14,5 млрд теңге көлеміндегі материалдық шығынды өтеген. Сондай-ақ ол мемлекет меншігіне жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді өз еркімен қайтарған. Сонымен қатар ол Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударған.