Каспий теңізі түбімен Бакуден Ақтауға интернет желісін жүргізу жұмысы басталды

Кабель төсеуші кеме Баку портынан шығып, Ақтау порты бағытындағы желі құрылысын бастады. Ауа райы қолайлы болса, су асты кабелін тікелей төсеу жұмыстары 15-20 күн ішінде аяқталады деп жоспарланып отыр. 

gov.kz

Астана, NEGE. Бұл жөнінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Бұған дейін Қытайдан Құрық портына жеткізілген оптикалық кабель мен жалпы салмағы 600 тонна болатын үш үлкен тасымалдау себеті арнайы логистикалық кемеге жүктеліп, Бакуге жеткізілген.

«Қазақстанда стратегиялық инфрақұрылымдық жоба – Каспий теңізінің түбімен транскаспийлік талшықты-оптикалық байланыс желісін төсеу жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Оны пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Қазіргі кезең кабельді тасымалдау мен тиеудің практикалық теңіз фазасына бағытталған», – делінген ресми хабарламада.

Осындай күрделі міндетті орындау үшін су сыйымдылығы 20 000 тоннадан асатын ең қуатты кабель төсеуші кеме тартылды.

Ведомство ақпаратынша, бортта техникалық қадағалау мамандары мен «Қазақтелеком» өкілін қоса алғанда, 70 экипаж мүшесі жұмыс істеп жатыр. Жоба «Қазақтелеком» АҚ және «Azertelecom Int.» ЖШС құрған CaspiLink B.V. (бұрынғы Caspinet B.V.) бірлескен кәсіпорны арқылы іске асырылып жатыр.

Резолюцияға сәйкес, барлық технологиялық жұмыстар мен іске қосу-жөндеу кешенін іске асырудың жалпы мерзімі 2026 жылдың соңына дейін белгіленген.