Каспий теңізі бетін майлы дақ басты: экологтар не дейді?
8 тамызда Каспий теңізінің Аташ жағажайы маңындағы акваториясында су бетінде май тәрізді дақ анықталған.
Астана, NEGE. Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті мамандары Аташ жағалауы мен оған іргелес теңіз акваториясы тексеріліп, зертханалық зерттеу жүргізу үшін теңіз суынан сынамалар алынғанын хабарлады.
Әзірге теңіз бетіндегі майлы дақтың қайдан пайда болғаны белгісіз. Мұнай өнімдерінің төгілген-төгілмегені де әлі анықталған жоқ. Қазір Аташ аумағында және теңіздің оған іргелес бөліктерінде мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Су бетіндегі даққа байланысты экологтар теңізде қызмет атқаратын кемелердің экипаждарына және кемелер тоқтайтын айлақтардың иелеріне мұнай өнімдерінің төгілуіне жол бермеуге, сондай-ақ экологиялық талаптарды қатаң сақтауға кеңес береді.
Жағдай облыстық экология департаментінің назарында.