«КАСПИЙ» футбол клубына «элитолог» ЕДІЛОВТІҢ қандай қатысы бар?
Блогер Насима ҚОРҒАНБЕКОВА әлеуметтік желідегі парақшасына «Каспий» футбол клубындағы былықтар мен оған қатысы болуы мүмкін блогер Ербол ЕДІЛОВ туралы жазба жариялады.
«Менің аса қадірлі әріптесім Ербол Еділов өзін саяси қуғын-сүргін көрген адам етіп көрсетуге тырысып жүр. Бәрін ретімен баяндайын.
2023 жылдың футбол маусымында Е.Еділов басшылық жасаған ақтаулық «Каспий» клубы Премьер-лигадан ұшып кетті. Қазіргі кезде клубтың жұмысы тексеріліп, қызықты деректер табылған. Бұған оның (Еділовтің – ред.) қатысы болуы мүмкін, ол мұны жақсы біледі.
«Еділов футболистермен қымбат келісімшарт жасаған, бұл клубтың қаржылық мүмкіндігіне сай келмейді» деген дерек бар. Куәгерлер оның «әкімдікпен мәселені шешемін, ақша аламын» деп уәде бергенін айтады.
Ол Қазақстан футбол федерациясының ресми өкілі, Атқару комитетінің мүшесі бола тұра ҚФФ-ның регламенті мен ережесін бұзып, агенттік қызметпен айналысқан. Чемпионат басталғанда «Каспий» ФК қаржылық қиындықтарға тап болып, 250 млн теңге несие алуға мәжбүр болған. Ол әлі қайтарылған жоқ.
Ербол Еділов сөзбен ештеңеге қол жеткізе алмайтынын біліп, командадан қашып кетті. Енді ол өзіне қатысты қандай да бір тексеру бола қалса, өзін атқарушы органдардан қуғын көрген адам ретінде көрсетуге дайындалып жүр», – деп жазды Н.Қорғанбекова.
Бұдан бөлек, блогер Еділовтің қолында әріптесі Қорғанбековаға қатысты әлдебір видео бар көрінеді. Ол соны жариялаймын деп қоқан-лоқы жасаған көрінеді.
«Оның қолында 4-5 жыл бұрын караокеде көңіл көтеріп жүрген менің видеом бар. Ол менің әріптестеріме хабарласып, әлгі видеоны жариялайтынын айтыпты. Жариялай берсін. Одан мемлекетке, өскісі келетін жастарға еш зиян жоқ», – дейді блогер.
ALASH online сайтында белсенділер петиция жариялап, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен «Каспий» футбол клубына қатысты блогер Е.Еділовті тексеруді талап етті.
Петиция авторы Е.Еділовпен бірге тағы бір басшы Ержан Жаңбырыовты тексеруді, клубтың қаржылық құжаттарына көз жүгіртуді, демеушілерден түскен қаржының қайда кеткенін анықтауды, «YEDILOV ONLINE» деген жазуды футболшылар киімінен алып тастауды және клубты басқаруға қоғам өкілдерін қатыстыруды талап етеді.
Блогер Е.Еділовтің «Каспий» футбол клубына қандай қатысы бар? Оның қаржылық құйтырқылықтар жасағаны, клубтың жұмысы тексеріліп жатқаны рас па?
NEGE порталы осы сұрақтарға жауап алу үшін Маңғыстау облысының әкімдігіне ресми сауал жолдады.