Қаскөйлер мешітті жарып жіберді
Пәкістандағы Квет әкімшілік орталығында мешітте жарылыс болып, 14 адам қаза тапты, тағы 20-сы жарақат алды. Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлады.
Алматы, NEGE. Полиция инспекторы Абдул Раззак Чиманың айтуынша, жарылыс болған кезде мешітте адамдар құлшылық етіп жатқан. Жарылыстан көп адам қаза болды. Оның ішінде Квет орталығының полиция басшысының орынбасары да бар.
Белуджистан провинциясы ішкі істер министрі Зия Уллах Лангаудың мәліметінше, мешітке кірген жанкешті лаңкес өзін-өзі жарған болуы мүмкін. Осы оқиғадан кейін провинциядағы мешіттерде қауіпсіздік шаралары күшейтілген.
Бұл Кветте бір аптада болған екінші жарылыс. 7 қаңтар күні қауіпсіздік күштерінің көлігіне шабуыл жасалған. Нәтижесінде 2 адам қаза тауып, 18-і жарақат алған еді.