«Қасқырмен қоректеніп, қабан ұстады»: Үміттің Қазақстандағы алғашқы күндері қалай өтті?

Экология министрлігі шілденің аяғында «Іле-Балқаш» резерваты аумағына жіберілген Үміт атты Амур жолбарысының Қазақстан жеріне бейімделуі сәтті өтіп жатқанын хабарлады.

Экология министрлігі

Астана, NEGE. Осы уақыт аралығында мамандар жолбарыстың жүрген жерлерін GPS-қарғыбау арқылы бақылап келген.

Экологтардың хабарлауынша, алғашқы күндердің өзінде Үміттің өздігінен аң аулай алатыны байқалған. Мониторинг барысында оның қасқыр аулап, бірнеше күн бойы сол олжамен қоректенгені анықталған. Кейін жабайы қабанды да ұстаған.

«Бұл – Үміттің жаңа ортаға бейімделіп, табиғи жағдайда өз бетінше тіршілік ете бастағанының маңызды белгісі. Алғашқы он күннің нәтижесі Үміттің табиғи ортадағы дербес тіршілікке бейімделу үдерісі сәтті өтіп жатқанын көрсетеді», – делінген министрлік хабарламасында.

Қазір мамандар оның қозғалысын күн сайын қадағалап, табиғи ортаға бейімделу барысын зерттеуді жалғастыруда.

Еске салсақ, биылғы мамыр айында Ресей Федерациясының қолдауымен Қазақстанға табиғи ортадан ауланған төрт Амур жолбарысы жеткізілді: екі ересек жолбарыс және 6–7 айлық екі жолбарыс.

Қазақстанға жеткізілгеннен кейін жануарлар «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында арнайы салынған бейімдеу вольерлеріне орналастырылып, кейін табиғи ортаға жіберілді.