Қасқыр да тоқ, қой да аман...

Қарашаның 12-сі күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қызметкерлері Бостандық аудандық сотының судьясы Эльвира Оспанованы «пара алды» деген күдікпен ұстағанын жазғанбыз. Күдіктінің ұлттық бюро ғимаратына кіріп бара жатқаны және заттай айғақ – 3 мың долларды тәркілеу сәті көрсетілген видео тарағанын да тілге тиек еткен едік. Енді сол Эльвира Шәймерденқызы жайлы істің анық-қанығын «Время» газетінің тілшісі (Возвращать - плохая примета) індете зерттепті.

Басылымның жазуынша, судья Оспанова сот саласына 2014 жылы келіп, өзінің 5 жылдық қалтқысыз еңбек жолында бірнеше дүбірлі істердің басы-қасынан көрініп үлгеріпті. Мәселен, отандық шоу-бизнестің атышулы өкілі Баян Мақсатқызының (Есентаева) кейінгі күйеуі Тұрсынғали Алагөзовпен шаңырақ құрған тұсында, бизнесмен Алагөзов бұрынғы отбасымен ажырасып, алғашқы әйелімен арадағы сусын шығаратын зауыт пен жылжымайтын мүлікті бөлу ісі ұзаққа созылған. Міне, сол істе «әділдік іздеушілер» сапында да судья Оспанова болған көрінеді.

Алайда, судья Оспанова ұлттық бюро қызметкерлерінің көзіне кездейсоқ жағдайда түсіп қалғанын өткен мақалада айттық. Еліміздің екінші деңгейлі бір банкі өздерінен несие алып, қайтара алмай жүрген «РТЗ ATLAS» ЖШС дейтін фирманың үстінен сотқа шағым түсірген. «РТЗ ATLAS» ЖШС-нің құрылтайшысы белгілі режиссер-документалист Ораз Әбішевтің баласы Қанат Әбішев екен.

Газет тілшісі анықтағандай, «Әбішевтің компаниясы банктен 2014 жылы Алматы облысы Қарасай ауданында компьютер және өзге де техника құрастыратын зауыт ашпақ болып несие алады. Алған қаражаттың жалпы көлемі 2,7 млн доллар, 320 млн теңгенің үстінде болған. Келісімшарт бойынша, несиені 2019 жылдың соңына дейін қайтаруға міндетті болыпты. Алайда, қаражатын уақтылы қайтарып бере алмағаннан кейін, банк ол компанияны сотқа берген. Арада банктің берген несиесі мен өсімі, қаржыны уақтылы құймағаны үшін салынатын айыппұл мәселесі көтеріледі де, компания тарабы ондай талаптармен келіспейді. Судья Оспанова экономикалық сот сараптамасын тағайындайды. Нәтижесінде, сараптама ісі қарызын қайтару үшін фирманы 16,7 млн теңге мен 658 мың долларды ақшалай және құны 210 млнға бағаланатын үш гектар жері бар зауыттың ғимараты мен сол жер телімінде орналасқан басқа да құрылыс нысандарын банкке беруге міндеттейді. Тергеу ісі анықтағанындай, Оспановаға ұсынылған пара дәл осы мәселе бойынша сот істі ұзаққа соза тұруы үшін берілсе керек. Онысызда созылып кеткен істің нақтыланбаған шешімі 2019 жылдың мамырында жарияланып, тараптар тартысып келеді де, осы жылдың қазанында қарыздар компания банкке 620 мың доллар қайтарып беріп.., қалған қарызын банк кешірім жасайды. Ендігі жерде Алматы қаласы бойынша антикоррупциялық комитеттің тергеушісі Нұржан Жақыпбековке судья Оспанованың «кінәсін» дәлелдеуі үшін көп тер төгуге тура келеді» деп жазады, газет тілшісі.

PS: Журналистің сөзінің жаны бар. Аудандық соттың судьясы нақты парамен ұсталмады. Видеода көрсетілген «көкқағаздар» екіарада жүрген делдалдан шыққан. Оның үстіне, судья қолақы ұсынып тапсырылған жұмысты атқарған жоқ, сол үшін де өзіне бергісі келген «сыйақыны» қайтарып отыр. Одан бөлек, «пара алғаны үшін құрықталып, кейінірек жазасы жеңілдеп кету» секілді судьяларға қатысты біршама ақылға сыйымсыз іс Алматыда баршылық.

Қазір оқып жатыр

Астанада LRT жолақысы қанша теңге болуы мүмкін?

Шелдон Купердің рөлінде ойнаған америкалық актер қазақша ән салып берді

Қарашығанақ операторы 2 млрд теңге экологиялық айыппұл төледі

«Көктемді жолға салып жіберіңіздер»: елші қызылордалықтарға әзілмен өтініш айтты