Кәсіпкерлер 3 жыл салықтан босатылады
2020 жылдан микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылға босатылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «Салық және кедендік әкімшілендіру» тақырыбында баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов айтты.
Алматы, NEGE. «2020 жылдың басынан бастап, арнайы салық режимін қолданатын микро және шағын бизнес субъектілері табысқа салынатын салықты төлеуден 3 жылдық мерзімге босатылады. Жер қойнауын пайдаланушылар, акциздік өнімдерді өндірушілер, ойын бизнесі, сыртқы экономикалық қызмет қатысушылары босатылмайды», – деді министр.
Бірінші вице-премьердің атап өтуінше, шағын және орта бизнес субъектілеріне 3 жыл мерзімге тексеру жүргізуге мораторий енгізіледі. Кедендік тексеру, қарама-қарсы салық тексеру, қылмыстық іс аясында жүргізіліп жатқан және салық төлеушінің өтініші бойынша өзінің қызметіне қатысты тексерулер алып тасталынады.
«Cонымен қатар микро және шағын бизнес субъектілеріне онлайн-ККМ және POS-терминалдарды міндетті түрде қолдануды, кірістер мен шығыстар жеңілдетілген есебін кезең-кезеңімен енгізуді, салық есептілігін ұсынуды қамтамасыз ету қажет», – деді Әлихан Смайылов.