6 марта 2020 г. 17:00

Кәсіпкер атанған жұлдыздар

Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері екі саланы қатар алып жүр.  Олардың көпшілігі бүгінде мейрамхана, жеке студия, продюсерлік орталық ашып, табысты кәсіпкер атанды.

Қазақ эстрадасындағы жарасымды жұлдызды жұптың бірі Қарақат пен Қыдырәлі. Танымал отбасының біріне айналған өнер иелері әншіліктен бөлек, кәсібін дөңгелетіп жүр. Кезінде Қыдырәлі Болманов  «АБК» тобының құрылуына сеп болған. Продюсерлікті қолға алған ол«Ұлытау» этно-рок тобы арқылы  жетістікке жетті.

Табыс көзін табуда Болманов қателеспеді. Бүгінде оның жеке меншігінде «Балбала» ұлттық өнім брендімен шығатын қазақы қуыршақтар дүкендер желісі сұранысқа ие. Қарапайым қуыршақтардың бағасы 2500-8000 басталып жоғарылап кете береді. Ал олардың арасында ең қымбаты «Қарақат» брендімен шығатын қуыршақтар. Мақпал матадан тігіліп, әшекейлері таза күміспен көмкерілген әнші қуыршақ қыздың бағасы да қымбат. Құны 90 000 теңге тұратын туынды басынан аяғына дейін қолмен жасалады екен.

Одан бөлек, «Балбала» ұлттық өнім брендімен шұлықтар өндіретін фабрикасы жұмыс істейді. Болманов жары Қарақат Әбілдинаға  «Қарақат өнер мектебін» ашты.

Сонымен қатар, жұлдызды жұптың меншігінде «Мырза» және «Ханым» атты ерлер мен әйелдерге арналған киім дүкендер желісі бар. Тойдан бөлек, кәсібі арқылы пайдаға кенеліп, екі есе табыс тауып жүрген өнерлі отбасы көпке үлгі болса игі.

Мұқасан Шахзадев болса 2018 жылы дыбыс жазу студиясын ашты. Қазіргі таңда кәсібін дөңгелетіп жүр.  

Өнерде де өмірде де қол ұстасқан жарасымды жұп Мирас пен Құралайдың дарынды балаларға арналған өнер мектебі бар.

«Мұзарт» тобының мүшесі, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының проректоры Сәкен Майғазиев «Смарт» өнер мектебін басқарып отыр.

Роза Əлқожа Алматы қаласынан «Мен сыйға тартқан орамал» деген атаумен орамал дүкенін ашқан болатын. Әнші болашақта кәсібін ұлттық брендке айналдыруды жоспарлап отыр.

Жұлдызы жанған Қайрат Нұртас бірнеше кәсіпті дөңгелетіп жүр. Оның Алматының бірінде жеке мейрамханасы,  дыбыс жазу студиясы бар. Айта кетейік, бүгінде Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі, Димаш Құдайбергеннің атауымен иіс су нарыққа сатылымға шыққан.

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясованың жеке продюсерлік орталығы бар.

Қазақстандық шоу-бизнестің тағы бір өкілі Нұрлан Абдуллиннің Нұр-Сұлтанда үлкен мейрамханасы бар.

Тоқтар Серіковтың ат баптайтын қасиеті тыңдармандарына таңсық емес. Әртістің меншігінде жеке шаруа қожалығының барын көпшілік біле бермейді.

Шахизада ән айтудан бөлек, біраз жыл бойы инвестициялық компаниясында қаржы жөніндегі кеңесші болып қызмет атқараған. Нарықта құнды қағаздарды сатуға білек сыбана кіріскен ол бос уақытында сахналық әріптестеріне баюдың жолдарын айтып жүреді екен. Ал әншінің ұлы жеке кәсіпкер.

«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» демекші, сізде өз кәсібіңізді  қолға алып, соның нәсібін жеуді бұйыртсын!

Тегтер: