Кәсіпкер Мақтааралдағы он отбасыға үй салып берді
Мақтааралдық азамат өз қаражатына тасқын судан зардап шеккен 10 отбасына үй салып берді. Бүгінге дейін баспанаға мұқтаж жеті отбасы қоныс тойын тойласа, қазір қалған үш үйдің құрылысы жүріп жатыр.
Алматы, NEGE. Жаңа баспанаға қолжеткізгендердің бірі Елқоныс ауылында тұратын Құрбановтар отбасы. Көктемгі су тасқыны кезінде үйлері қирап, баспанасыз қалған болатын. Шаңырағы шайқалып, қиындыққа тап болған көп балалы отбасына кәсіпкер 2 айдың ішінде 6 бөлмелі үй салып берді. Сондай-ақ су тасқыны кезінде мыңға тарта мақтааралдықты қамқорлығына алып, азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек және жатын орынмен қамтамасыз еткен. Демеуші кәсіпкер жыл сайын бір ауылға жәрдем береді екен. Биылдың өзінде аудандағы аз қамтылған 150 отбасына көмектесіп, азық-түлік, қажетті заттарын таратып берген.