27 сентября 2022 г. 19:17

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатымен танысты

Фото:

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді. Қазақстан Республикасының президенті Шымкент қаласының халқымен кездесу ұйымдастырған болатын. Жұмыс сапары барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытына да ат басын бұрды. Президент  мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатымен танысып, қызметкерлермен кездесті. 

Шымкент, NEGE. Зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады.

Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған. Бұдан кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталды.

– Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі.

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қала тұрғындарымен кездесу барысында Шымкентті дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінгенін айтқан болатын. Сонымен қатар, 1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде қала бюджеті 4 есеге өскен. Қаладағы өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқаны байқалады. 

Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр. Инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруға 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.

Тегтер: