Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр мен Бас прокурорды қабылдады
Қазақстан Президенті бүгін Премьер-Министр Асқар Маминді қабылдады, – деп Ақорданың ресми сайты хабарлады.
Алматы, NEGE. Асқар Мамин Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің 2020 жылдың қаңтар айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және инвестиция тарту мәселесіне орай қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.
Мемлекет басшысына Үкіметтің 2019 жылдың қорытындылары жөніндегі кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларының орындалуы жайында баяндалды.
Премьер-Министр Президентке Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссияның жұмыстары туралы айтты.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғаға байланысты құрылған ведомствоаралық жедел тергеу тобының жұмысы туралы баяндалды.
Мемлекет басшысы Бас прокурорға тергеу жұмыстарының әділ әрі жан-жақты жүргізілуін, қабылданған барлық шешімдердің заңды болуын және кінәлілердің жазасыз қалмауын қамтамасыз етуді тапсырды.