Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отыр
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалды жіті қадағалап отыр. Бұл туралы оның баспасөз хатшысы Айбек Смадияр хабарлады.
Астана, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания королі ІІ Абдаллаға хат жолдап, Қазақстан қазіргідей сын сағатында бауырлас иордан халқына қолдау мен тілектестік білдіретінін жеткізді.
Президент ахуалдың ушығуына әкелуі мүмкін іс-қимылдардан бас тартуға шақырып, кез келген халықаралық қақтығыс дипломатиялық тәсілдер арқылы шешілуі қажет екенін тағы да атап өтті.
Сондай-ақ Президент Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен телефон арқылы әңгімелесу барысында Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады.
Президент аймақта қақтығыстың өршіп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, осынау күрделі кезеңде әмір мен бауырлас Қатар халқына тілектес екенін айтты.