Қасым-Жомарт Тоқаев Саида Мирзиёеваны қабылдады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёеваны қабылдады.
Астана, NEGE. Кездесуде Президент Саида Мирзиёеваның Қазақстанға сапары Астана мен Ташкент арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту тұрғысынан маңызды екенін айтты. Тоқаевтың сөзінше, екі ел президенттері әкімшіліктері арасындағы жұмыс байланыстарын жандандыру Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал етеді.
«Бір-бірімізбен байланыстарымыз артқан сайын Орталық Азиядағы тұрақтылық, өңірлік ықпалдастық нығая түседі. Өйткені Қазақстан да, Өзбекстан да тұтас көрсеткіштер бойынша ірі мемлекеттер саналады. Елдеріміз қазір дамудың бетбұрыс кезеңінде тұр. Бізге бейбітшілік пен қауіпсіздік қажет. Сонда ғана реформаларды сәтті іске асыра аламыз», – деді Президент.
Өз кезегінде Саида Мирзиёева кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.
Оның айтуынша, Өзбекстан Қазақстанмен көпжақты ықпалдастықты тереңдетуге ерекше мән береді. Сондай-ақ жоғары деңгейдегі уағдаластықтар мен бірлескен жобалардың орындалу барысын назарда ұстайды.
«Қазақстан – сенімді одақтасымыз. Бұл жайында ұдайы айтып келеміз», – деді Саида Мирзиёева.
Кездесу барысында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ екі елде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жөнінде пікір алмасты.
Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке жылы лебізін жолдады.