Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды мерекесімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Астана, NEGE. Президент құттықтауында бақытты балалық шақтың арқауы тату-тәтті отбасы екенін айтады.
«Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Жас ұрпақтың құқығын қорғау, денсаулығын сақтау және олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – жалпыұлттық мақсат және конституциялық міндет. Ауызбіршілігі мықты, тату-тәтті отбасы – бақытты балалық шақтың арқауы. Сондықтан отбасы құндылықтарын қорғау жаңа Конституцияның аса маңызды нормасының бірі ретінде айқындалды», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев Instagram парақшасында.
Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың жасампаздық рухы орасан зор екенін, олардың білім мен спортта, өнерде мол табысқа жетіп жатқанын баса айтады.
«Менің бастамаммен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында мемлекет тарапынан әрбір балаға қамқорлық жасалып жатыр. Биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы іске асырыла бастады», – дейді Президент.
Сөз соңында Мемлекет басшысы «жас буынды қолдау әрдайым Әділетті және Озық Қазақстанның басты назарында болатынын» атап өткен.