Қаржыгерлер доллардың 458,37 теңгеге дейін арзандау себебін түсіндірді
1 қыркүйектегі сауда қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы 3,20 теңгеге нығайып, 458,37 теңге болды.
Астана, NEGE. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының бағалауынша, ұлттық валютаға мұнай бағасының өсуі және Ұлттық банк операциялары аясында шетел валютасының сатылуы қолдау көрсеткен. Бұдан бөлек, Қазақстанның сауда балансының профициті де теңге бағамына оң әсер етіп отыр.
Қаржыгерлер соңғы жарияланған инфляция деректері де теңге бағамына оң әсер етуі мүмкін екенін алға тартады. Тамыз айында жылдық инфляция 10%-дан төмендеді.
Ал сауда көлемінің азаюы шетел валютасына сұраныстың бәсеңдегенін көрсетуі мүмкін. Бұған алдыңғы күндері доллар бағамы сатып алушылар үшін қолайлы деңгейге түскен кезде валютаны көптеп сатып алғаны себеп болуы ықтимал. Бұл өз кезегінде Қазақстан нарығына шетелдік инвесторлардың қызығушылығын күшейтуі мүмкін.
Тамызда бейрезиденттердің мемлекеттік бағалы қағаздарға салған инвестициясы 23,9 млрд теңгеге немесе 0,9%-ға өсіп, 2,6 трлн теңгеге жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 34,2%-ға артқан.
Ал Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздар нарығындағы бейрезиденттердің үлесі жыл басындағы 6,2%-дан 7,2%-ға дейін өсті.