«Қаржы жымқыруға жағдай жасамадық»: Қарашөкеев Тараздағы түнгі тендер жайлы
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев түнде өткен тендерді Мәжіліс депутатына тиесілі компания жеңіп алғаннан кейін түсінік беруге мәжбүр болды.
Астана, NEGE. Бұған дейін Жамбыл облысы әкімдігі «Мекеме» ақпараттық жүйесіне қолдау көрсету және техникалық қызмет көрсету үшін 287 млн теңгелік тендер өткізгенін жазғанбыз. Жеңімпаз – Мәжіліс депутаты Әбутәліп Мүтәліге тиесілі BESupply компаниясы. Бұл тендер бірнеше себеппен сынға ілігіп отыр. Біріншіден, құжаттарды 16 қыркүйекте түнгі 00:06 мен 09:06 аралығында ғана тапсыруға мүмкіндік болған. Екіншіден, тендер қыркүйекте өткізілді, ал келісімшарт жылдың соңына дейін ғана есептелген.
Әкімнің айтуынша, үш айдың ішінде жылдық соманы толық игеру мүмкін емес. Компанияға тек нақты атқарған жұмысы үшін ғана ақы төленер еді.
«Орындаған жұмыстары бойынша актілерге сүйенсек, бұл компания үш айда істелген жұмыс үшін он екі айдың ақшасын ала алмас еді. Мүмкін, бұл жерде қандай да бір кемшілік болған шығар, бірақ қаржы жымқыруға жағдай болмаған. Барлығы актілермен расталады, біз бәріне қол қоямыз, тек нақты орындалған уақыт пен көлемі ғана төленеді», – деді Қарашөкеев.
Әкімнің сөзінше, тендердің түнде өткізілуіне конкурс тапсырысшысы – Білім басқармасының қатысы жоқ. Дәл осы жайт қоғамда қызу талқы туғызған. Ол бұдан былай мұндай жағдай қайталанбауы үшін шара қабылдауға уәде етті.
«Әрине, түнде өткендіктен резонанс туды. Қазір қосымша бақылау шараларын енгізіп жатырмыз. Барлық әріптестеріме жағдайды бақылап, уақытында хабар беріп, құзырлы органдарға немесе сатып алуды ұйымдастыратын органға жүгініп, ықтимал қатысушыларға жеткілікті уақыт берілуін қамтамасыз етуді тапсырдым», – деді Қарашөкеев.
Нәтижесінде келісімшарт бұзылып, сатып алу келесі жылға қалдырылды.
Әбутәліп Мүтәлі болса, компанияны сенімгерлік басқаруға тапсырғанын айтты. Депутаттың айтуынша, оның түнде өткен тендерге қатысы жоқ және өзі де мұндайға қарсы.