5 февраля 2026 г. 11:26

Қаржы вице-министрі сот шешімін орындамағаны үшін айыппұл арқалады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл сотты құрметтемеу және сот актісін орындамау дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеуге міндеттелді.

Астана, NEGE. Бұған мемлекеттік сатып алуға қатысты жеке компания көтерген дау себеп болған, деп жазады Protenge.

Даулы жағдай конкурстық құжаттаманың талаптарына байланысты туындаған. Әлеуетті жеткізуші бұл талаптарды сотта даулап, іс жарты жылдан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде сот бизнес өкілінің талабын қанағаттандырып, Қаржы министрлігіне қатысты жеке қаулы шығарды. Онда анықталған заңбұзушылықтар көрсетіліп, мемлекеттік органға тиісті шаралар қабылдап, олардың орындалуы жөнінде сотқа есеп беру міндеттелген.

Алайда белгіленген мерзімде сотқа есеп жолданбаған. Әкімшілік сот мұны сот актісін орындамау және сотты құрметтемеу деп бағалады. 2025 жылдың соңында өткен сот отырысында мемлекеттік сатып алулар саласына жетекшілік ететін вице-министр әрекетсіздіктің себебін түсіндіре алмаған. Соның нәтижесінде сот 20 АЕК (78 640 теңге) және 50 АЕК (196 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салу туралы шешім қабылдады.

2026 жылдың қаңтар айының соңында Дәурен Кеңбейіл бұл шешімдерге шағым түсірмек болғанымен, сот шағымды қанағаттандырмады. Сот айыппұлдар министрлікке емес, лауазымды тұлғаның жеке өзіне салынғанын атап өтті.

Осылайша, вице-министр мемлекет бюджетіне 275 мың теңгеден астам қаражат төлеуге міндеттелді.